Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда блок бекетте қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиевті екінші дәрежелі Айбын орденімен, ал полиция сержанты Дастан Әбдіқановты үшінші дәрежелі Айбын орденімен марапаттады. Ал полицейлердің өліміне кінәлі азаматқа қатысты жаңа деректер шықты. Марқұмдардың туыстары BMW автокөлігінің жүргізушісі полиция департаментіндегі қызметінен босатылмағанын айтады.
Мұндай жағдай төртінші блокбекетте алғаш рет болып отырған жоқ. Осыдан екі ай бұрын 50 жастағы ер адам темір қоршауларды бұзып өтіп, тәртіп сақшысын жарақаттаған. Екі аяғы бірдей сынып, бас жарақатын алған полицей Мереке Орынғазы қазір толық сауығып, қызметіне оралған.
Ал кешегі жантүршігерлік оқиғаға кінәлі BMW автокөлігінің жүргізушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Енді ол 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ