Тоқаев Алматыда оққа ұшқан полицейлер мен сот орындаушысын марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев Алматыда оққа ұшқан полицейлер мен сот орындаушысын марапаттады

26.09.2021

Аптаның басы - 20 қыркүйекте Алматыдағы Ақбұлақ ықшамауданында үйді босату туралы сот шешімін орындатуға барған сот орындаушыларға, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне сол үйдің иесі Дужнов дегенннің оқ жаудырғаны туралы хабарға үрпиіп қалмаған адам жоқ шығар. Бес адам - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оған еріп барған досы қаза болды... «Адам өлтіру» және «Билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған екі полицей мен сот орындаушысын марапаттады. Жарлық кеше жарияланды. Алатау аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Нұрбол Байғазиев пен Дархан Сүлеев – 2-дәрежелі «Айбын» орденімен, жеке сот орындаушылары республикалық палатасының мүшесі Мұрат Әбенов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қ.Тоқаев оқиғаға орай комментарий бергенде алдымен қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтты.

Сөйтіп заңнамалық және нормативтік түзетулер әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, кредиторлар мен қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынас, әсіресе баспанаға қатысты, өте сезімтал және заңнамалық жетілдіруді талап етеді.

Президент үкімет пен Алматы әкімдігіне қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына, бірінші кезекте балаларға көмек көрсетуді тапсырды. Алдымен оқиға туралы Нұрлан Нұрханұлының репортажы. Одан кейін оқиғадан соң қоғам қойып отырған сауалдарды талдаймыз.


Хабарламаларға жазылу