Осы аптада Ұлы Жеңістің 75 жылдығы кеңінен атап өтілуі керек етін. Иә, елеусіз қалмады – ең бастысы, соғыс және тыл ардагерлеріне өлшеусіз ерлігі мен еңбегінің кішкене болса да қайтарымы деп ақшалай сый берілді. Дегенмен айқара құшақтасу, концерт, кездесулерсіз. Енді ондай форматта мереке бола ма екен, өзі? Адамзат тарихындағы сорақы, сұмпайы идеология – фашизм, нацизмге негізделген соғысқа біздің ата-бабаларымыздың қатысып, жеңісті жақындатқандарын ойлаудың өзі иығыңды тіктеп, арқа тұсыңды шымырлататын сезім.
Мереке қарсаңында Президент Қ.Тоқаевтың Ақ Орда сайтында құттықтауы жарияланды, үзінді: «...Қазақстандықтар қиын-қыстау кезеңде батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың азаматымыздың жартысы елге оралған жоқ. Соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген жүздеген өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда мыңдаған отандасымыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ауыл халқы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін аянбай тер төкті. Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз».
Жазира ОРАЗҚЫЗЫ