Басты Жаңалықтар Теңге бағамы тұрақтала ма?

Теңге бағамы тұрақтала ма?

Бір доллардың құны 460-500 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Халық арасында осындай ақпарат желдей желіп жүр. Күн сайын көтерілген бағамға қарасақ шындыққа да жанасатын сияқты. Ал, экономист мамандар төл теңгеміз тұрақтауы үшін Ұлттық банк жағдайға араласуы керек деп отыр.

«Доллардың теңгеге шаққанда қымбаттауына әуелі сыртқы факторлар әсер етіп отыр. Одан соң маусымдық жағдайдың да үлесі жоқ емес». Экономист мамандар осылай дейді. Жазда шетелге оқуға, дем алуға, жұмыс бабымен кететіндер көп. Олар Қазақстаннан сатып алған шетел валютасын сыртқа тасиды. Сүйтіп, ел ішінде долларға деген сұраныс артқан сайын қымбаттай береді.

Теңге жыл басынан шілденің соңына дейін 4,3 пайызға құнсызданған. Ал, тамыздың 13-не дейін, яғни, тағы бір жарты айды қоса есептесек, ұлттық валютамыздың құнсыздануы 9,3 пайызға бірақ көтеріледі.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бұл құнсыздану қарашаның қалтасына қатты әсер еткен жоқ деп отыр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Шілде айының қорытындысы бойынша инфляция минус 0,4 пайыз болды. Яғни, дефляция болды. Бұл халықтың сатып алу мүмкіндігі артты деген сөз. Сондықтан, біз азық-түліктің қымбаттауына, ақшаның құнына байланысты өзгерістерді көріп тұрғанымыз жоқ.

Министрдің айтып отырғаны шілде айының қорытындысы ғана. «Ал, бүтіндей алғанда валютаның бағамы қарапайым халықтың қалтасына қатты әсер етеді», - дейді сарапшылар.

Ал, Ұлттық банк өкілі жағдай күрт өзгеретін болса қосымша қаржы бөліп, теңгенің тиынға айналуына жол бермейтіндерін жеткізді.

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

- Ұлттық банк валюта нарығына күнделікті бақылау жүргізіп отыр. Жағдай тұрақты. Егер бағам күрт өзгеретін болса біз жағдайға араласып, интервенция жасауға әзірміз.

Сарапшылардың пікірінше, бағамның бүгінгідей ауытқуына қол қусырып қарап отыруға болмайды. Жағдайды осы бастан реттемесе, қымбатшылықтан қашып құтыла алмаймыз.

Жангелді Шымшықов, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Бағаның бір жаман жері бір көтерілсе оны кейін қайтара алмайсың. Міне, қандай мәселе. Сол сияқты бұл жерде де, егер де қазір жіберіп алсаң, бұдан кейін өте қиын мәселе туындауы мүмкін.

- Яғни, Ұлттық банк қазір араласуға тиісті ғой?

- Тиісті.

Доллар күн сайын қымбаттағанымен тұрғындар дүрлігіп, шетел валютасын жаппай сатып алып жатқан жоқ.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу