Шығыс пен батысты жалғастыратын Бейнеу-Ақжігіт тасжолының бір бөлігі пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс пен батысты жалғастыратын Бейнеу-Ақжігіт тасжолының бір бөлігі пайдалануға берілді

11.08.2018

«Құрық» портына жеткізілген жүкті құрлық арқылы қиыр-қиырға тарату міндеті бар екені әсте белгілі. Тауардың біраз бөлігі теміржолға тиелсе енді бірі автокөлікпен жөнелтіледі. Бұл тұрғыда Бейнеуден Ақжігіт арқылы Өзбекстан шекарасына дейін баратын жолдың маңызы зор. 85 шақырым қашықтықты алып жатқан жолдың жөндеу жұмыстары былтыр шілдеде басталған. Бүгін оның бір бөлігі пайдаланылуға беріліп отыр.

Бұл шығыс пен батысты жалғастырып жатқан күре жолдардың бірі. Ташкенттен бастап, Өзбекстан Республикасының бірнеше қаласы арқылы Қазақстанға жетеді. Каспий теңізін жағалай отырып, Ресейдің Астраханьнына дейін жалғасады.

Жол бойынан қазір күніне 1000 көлік жүріп өтеді. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін көрсеткіш 7 мыңға дейін өседі. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер өнімдерін Өзбекстанға қарай кедергісіз өткізе алады деген сөз. Жол бойында да кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік жасалмақ.

Ербол Омаров, «Қазавтожол» ҰК Маңғыстау облыстық филиалының директоры:

- Жан-жағында автокөлік бекеті, автожуу бекеттері, қонақ үй және тамақтанатын орындар ашылады деген жоспарлар бар. Бұл жоба аясында жылыту орны толығымен салынып, тапсырысқа берілді. Қыстың күні қар жауып, жол жабылып, ауа райы күрт өзгерген кезде жолда қалып қойған адамдарды қабылдай алады.

Орталық Азия мен Еуропаның арасында тауар тасыған жүргізушілер бұған дейін жолдың ең нашар бөлігі осы жер болғанын айтады. 80 шақырым жер 4-5 сағат уақыттарын алады екен.

Иван Михайлов, жүргізуші:

- Бұрын осы жолдың үстінде қатты қиналатынбыз. Сапасы тым нашар болатын. Жаңбырлы күндері тіпті жүре алмай, тұрып қалатынбыз. Қазір Иркутсктен Ташкентке кетіп бара жатырмын. Жолдың құрылысы аяқталып жатқанын көріп, қатты қуанып қалдым.

Қарқынды жүріп жатқан құрылыс екі қолға бір күрек таппай жүрген жергілікті тұрғындарға да көп көмек болды. Қарапайым қызметкерлерден бастап, бірнеше компания осы жердегі жұмыстарға жұмылдырылған.

Ескендір Қарсыбеков, «Теміржол жөндеу» ЖШС бас директоры:

- Берілген тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындау үшін 650 маман, 350 техника жұмылдырылды. Қызметкерлердің 80 пайызы жергілікті тұрғындар. Осы өңірдегі бірқатар компания да қосымша мердігер ретінде тартылды.

Рустам Тахиров, жоба жетекшісі:

- Жұмыстар жылдамдатылған режимде жүріп жатыр. Жол бойында 63 су өткізу құбыры болады. Оның 55-ін орнатып қойдық. Техникамыз жаңа, мамандар білікті. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан, барлығын уақытылы әрі сапалы аяқтайтынымызға сенімдімін.

Жолдың қалған бөлігін жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Сонда күншығыс елі мен кәрі құрлықтың арасын жалғап жатқан көлік дәлізі ел экономикасына түсетін табысты еселемек.   

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу