Мамырдың аяғына дейін короновирус жұқтырғандардың саны 5300-ге жетуі мүмкін. Еліміздің бас мемлекеттік санитары Айжан Есмағанбетованың болжамы осылай. Бұл мәлімдеме осымен үшінші мәрте өзгеріп отыр. Әуелі елдегі науқастар саны 3,5 мыңға дейін жетеді делінген. Ал бір апта бұрын бұл сан 4 мыңның маңайында болады дегін пікір айтылды. Бас санитардың сөзінше, қазір вирус шекаралас елдерден көптеп келіп жатыр. Соңғы екі аптада ондай 200 жағдай тіркеліп отыр. Болжам да сол себепті өзгерген. Дегенмен елімізде қауіпті індетті жұқтыру деректері төмендеп келеді. Бұл көрсеткіш екі аптада 2,5 процентке азайған.
Бас санитар халыққа жедел әрі шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымының арасында да вирус жұқтырғандар бар екенін айтты. Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының 4 өкілі қауіпті індетке шалдыққан. Олар ауруды науқастармен қарым-қатынас кезінде жұқтырып алған. Айжан Есмағанбетова олардың қазіргі хал ахуалы қанағаттанарлық екенін айтты.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ