Нұр-Сұлтан мен Алматыға қатынайтын әуе рейстеріне билеттерді сату басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан мен Алматыға қатынайтын әуе рейстеріне билеттерді сату басталды

28.04.2020

1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыға қатынайтын әуе рейстеріне билеттерді сату бүгін басталды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Билет құнында өзгеріс болмайды. Карантинге дейінгі баға сақталады. Дегенмен, сақтық шаралары күшейген.

Үш күннен соң қос қаланың арасында күніне 4 рейс қатынайды. Оның екеуі Air Astana, біреуі Fly Arystan және 1 рейсті SCAT әуе компаниясы орындайды. Коронавирусқа байланысты жолаушыларға жаңадан бірнеше талап қойылады. Оның ішінде індеттен сау екенін дәлелдейтін анықтамасы, маска, қолғап сияқты қорғаныс құралдарының болуы міндет. Онсыз ұшаққа кіру мүмкін емес. Дене қызуы бар адамдар әуежайға кіргізілмейді. Сондай-ақ әуе кемесінде жолаушылар бір-бірінен алшақ отыруы шарт.

Тест тапсыру үшін қос қаладағы мына мекенжайларға бара аласыз. Коронавирусті анықтау ақылы. Құны мемлекеттік емханаларда 11500, жеке орталықтарда 19000 теңге.

Егер жағдай тұрақталса Қазақстанның басқа қалаларымен қоса, халықаралық авиарейстерді қайта жаңарту мүмкіндіктері пысықталмақ.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу