АЭФ: Қызылорда облысында Күн электр станциясын салу жөнінде келісімге қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭФ: Қызылорда облысында Күн электр станциясын салу жөнінде келісімге қол қойылды

17.05.2018

Астана экономикалық форумы аясында бүгін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Мәселен, келіссөздердің арқасында Еуразия қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі мен таза технологиялар қоры Қызылорда облысындағы Күн электр станциясының құрылысына 50 млн.доллардан артық қаржы құятын болды. «Байқоңыр Солар» станциясының қуаты 50 мегаватт болады деп жоспарланып отыр. Оның арқасында көміртегінің ауаға таралуының жылдық көлемі 75 мың тоннаға дейін азаяды.

Қазақстан 2050 жылға қарай сумен қамту түйткілін біржола шешуді көздеп отыр. Сондай-ақ, «жасыл» технологияларды дамытудың арқасында экологиялық проблемаларды болдырмай, табиғи ресурстарды үнемдеуге үмітті. Ол үшін «жасыл» энергетиканы тиімді пайдаланған жөн. Қазірдің өзінде Қазақстан осы бағытта 50-ден астам жобаны жүзеге асырып келеді. 360 мегаватт баламалы энергия көздерінен алынып жатыр. Бүгінгі форум аясында шетелдік компаниялар, қаржылық институттармен келісімдер көп ұзамай бұл көрсеткішті еселей түспек.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Жыл соңына дейін Қазақстанда баламалы энергетиканың қуаттылығы 500 мВт дейін жетеді деп күтілуде. Осы өсім өте қарқынды деп  ойлаймын.

Астанаға артылған жүк те жеңіл емес. Былтыр абыроймен өткен «ЭКСПО» көрмесінен кейін елорда «жасыл» технологиялар тақырыбына бейімделді. Енді ел игілігі үшін ғана емес, жалпақ жаһанның болашағы үшін де маңызды жобалар Астанада іске асуы тиіс.

Жалпы, форумның алғашқы күнінің өзінде 40-қа жуық шара өтті. Оның ішінде пікірталастар, сұхбаттар, тың жобалардың таныстырылымы бар.

Альбина Әшім, тілші:

-Ал, форумның екінші күнінің бағдарламасына келетін болсақ, бүгінгідей өте ауқымды болмақ. Ертеңгі күннің басты тақырыптары - ақылды қалалар және урбандалу. Статистикаға сүйенсек, әлемдегі адамзаттың жартысынан астамы қалаларда тұрады екен. Сол себепті, отандық және шетелдік сарапшылар мегаполистердегі жағдайды жақсарту және ауыл шаруашылық секторынан өндірістікке ауысу үшін қандай қадамдар қажет екенін талқылайды.

Альбина ӘШІМ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу