Елімізде бір айдың ішінде вирусты 979 адам жұқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бір айдың ішінде вирусты 979 адам жұқтырды

13.04.2020

Денсаулық сақтау министрлігінің коронавируске шалдыққандар саны бойынша жасалған болжамы өзгерді. Ведомство өкілдері қолға алынған шаралардан кейін дерттің шарықтау шегі бұрынғыдай 3500 емес, екі мың адамның айналасында қалатынын айтты. Айта кетейік, короновирус індеті Қазақстанда тура бір ай бұрын тіркелген еді.

13 наурыз. Тап осы күні дүниені дүрліктірген дерттің алғашқы жағдайы бізде де тіркелді. Елордада бір, Алматыда үш адамның вирусты жұқтырғаны анықталды.

Жалпы, вирустың таралуы тез. Бір айдың ішінде 979 адам жұқтырды. Цифр бұдан да бірнеше есеге көп болуы мүмкін еді. Сақтану шаралары дер кезінде қолға алынып, СOVID-19 вирусының өңірлерге таралуы тежелді. Дегенмен, халықта әлі бейғамдық басым.

Бұған дейін министр Елжан Біртанов COVID-19 вирусын елде 3500 адам жұқтыруы мүмкін деген болжам айтқан еді. Бірақ, оған жеткізбеуге де болады. Өйткені, бұл дерттің сценарийін құру халықтың қолында. Бейберекет тірлік жалғаса берсе, жұқтырушылардың да қатары өседі. Дертті дендеткен сайын, қалыпты тірлік алшақтай береді.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу