Алматыда 1 күнде 27 дәрігерден коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырған 27 медицина маманының 20-сы әйел, 6-уы - ер адам. Олардың қатарында бір жүкті келіншек бар.
Мамандардың айтуынша, екі дәрігердің жағдайы ауыр, қалғандарының жай-күйі орташа. Жалпы, вирус жұқтырған 20 дәрігер қалалық орталық клиникалық ауруханасының, ал 7 дәрігер балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері. Қазір аталған емдеу мекемелері карантинге жабылды. Ал науқастар өзге ауруханаларға ауыстырылды.
Ал мегаполистегі науқастарға келсек, бүгінге дейін 49 адам аурудан айығып, ауруханадан шығарылды. Оның екеуі - бала. Ал вирус жұқтырған 122 адам инфекциялық стационарда ем алып жатыр.
Алматыда жұмыссыз режим 30 сәуірге дейін ұзартылды. Осы күнге дейін рұқсат алғандар, базаға енгендер қалада кедергісіз жүре алады. Ал карантинді ескермей, ережеге бағынбай жүргендер қатаң жазаланып жатыр. Мәселен, полицейлер жолаушыларды карантин аймағынан заңсыз шығарып жүрген такси жүргізушілерін қолға түсірді. Сонымен қатар, тұрғын үй кешендерінің біріндегі лифт батырмаларына түкірген ер адам ұсталды. Осыған қатысты бұзақылық және төтенше жағдай режимін бұзу бойынша әкімшілік іс қозғалды. Заң бұзған азамат 15 тәулікке қамауға алынды.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ