Қазақстанда короновирустан тағы бір науқас көз жұмды. Қайғылы жағдай Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше, ажал құшқан азаматтың жасы 50-де болған. Вирустың белгілері байқалған соң 21 наурыз күні оны жедел медициналық жәрдем бригадасы ауруханаға жатқызады. Алайда, ауруы асқынғандықтан, ақ халаттылар науқастың өміріне араша түсе алмады. Мамандардың айтуынша, ол бір ай бойы ауырып жүрсе де медициналық көмекке мүлдем жүгінбеген.
Еске салайық, бұған дейін COVID – 19 вирусынан Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны көз жұмған болатын. Осымен қауіпті індет жұқтырып, бақилық болғандар саны екі адамға жетті. Осы вирус салдарынан қаза болған азаматтарды жерлеу рәсіміне қатысты жұрт арасында түрлі қауесеттер таралған еді. Істің ақ қарасын ажырату үшін бұған Алматы қаласының Бас санитары жауап берді.
Жерлеу рәсіміне бір ғана дін қызметкерінің қатысуына рұқсат беріледі. Сақтық шараларын қамтамасыз ету үшін рәсімге жалпы 5-7 адамнан артық қатысуына жол берілмейді.
Назым ҚАЙРАТ