Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында осы мәселені қадап тапсырды. Бір банк саласы ғана емес, жалпы қаржы секторын «қайта жаңғырту» жолдарын көрсетті. Ал, Ұлттық банк осы тапсырмалардың негізгі іске асырушысы ретінде бекітілді.
Қаржы секторы десе көз алдымызға банк елестейді. Негізсіз емес екен. Ел экономикасының тең жартысына жуығы 24 трлн. теңге банктерде шоғырланған. Банктің жағдайы жақсы болса, халықтың хәлі де жақсы болмақ. Банкирлер жек көретін «нашар» несие деген ұғым бар. Бұл несие алып, онысын қайтара алмағандарға қаратып айтылған сөз. Жолдауда осы жұмыс істемейтін қарыздардан банктерді тазарту тапсырылған.
Сарапшы Жангелді Шымшықов «Қазақстанда дағдарыс жоқ» деген пікірде. Бұл сөзге экономикалық өсім мен жұмыссыздықтың 5 пайыз деңгейінде болуы негіз. Шағын және орта бизнестің дамуына тұсау болып тұрған банктердің 20 пайыздық үстемесі-дейді, сарапшы.
Жангелді Шымшықов, сарапшы:
- Елбасы мынадай тапсырма беріп отыр. Несие ресурстарын бөлген жағдайда оны рентабельділікпен ұштастырып беру керек. Қазір рентабельділік 10 пайыз болса, онда банктің де несиелік пайызы 10 пайыз болу керек деген мәселе.
Бұдан былай, банк иелері шығындар мен қоса тәуекелдерді де өз мойнына алуы тиіс. Бұл орайда, жеке банк жұмысына мемлекет неге сонша мән береді деген сауалдың қойылуы заңды.
Мырзагелді Кемел, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Менеджмент кафедрасының профессоры:
- Банктің клиенттері бар. Олар үміт етіп, депозитке ақша салып отыр. Ол ақшалар сақталуы керек. Банктердің жұмысты нашар ұйымдастырғанына халық айыпты емес.
Президент тапсырған қадау-қадау тапсырмалардың іске асуы Ұлттық банкке жүктелді. Жолдауда бұған қатысты Ұлттық банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек деп тайға таңба басқандай жазылған.
Ғабит БӨКЕНБАЙ