Елімізде коронавирусқа байланысты дезинфекциялау жұмыстары күшейтілді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктер жаппай залалсыздандырылып жатыр. Өйткені автобус қала тұрғындары үшін негізгі транспорт. Жұрттың басым бөлігі жұмысқа, үйіне көліктің осы түрімен қатынайды. Сол үшін олардың түрлі инфекция мен вирустан таза болуы маңызды. Сондықтан жүргізушілер арнайы химиялық сұйықтықпен салон ішін таңертең және әр айналым сайын сүртіп, дезинфекция жасап отыруға міндеттелді.
Коронавирусқа қарсы тұру үшін дезинфекциямен айналысатын фирмалардың да жұмысы қыза түскен. Түрлі химиялық сұйықтықтарды сатып алып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, елордадағы осындай компанияның бірі 15 миллион шаршы метрді дезинфекциялауға сұйықтығы жететінін айтады. Қазір мұндай фирмалармен түрлі бизнес орталықтар, қонақ үйлер мен вокзалдар да келісімге отырып жатыр.
Досжан МАРАТҰЛЫ