Қазына қаржысынан пайда көрем деп қамауға алынды! Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Аграрлық несие корпорациясы» басқармасының бұрынғы басшысын ұстады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Нармұхан Сарыбаев мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджеттің миллиардтарын шаруаларға үлестірудің орнына депозитке салып пайда тапқан. Яғни сыбайластырының көмегімен 53 миллиард теңгені банкке салып, 53 миллион теңге көлеміндегі сыйақыны қалтаға басқан деген күдік бар. Қазір Сарыбаев уақытша тергеу абақтысында жатыр.
Сондай-ақ «Астана» кәсіпқой спорт клубының экс-директоры да қамауға алынды. Аманбек Құлшықов 2 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталып отыр. Жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметі бойынша, Құлшықовқа ақшаны ұрлау үшін сыбайластары көмектескен. Яғни клубының құрамына кіретін «Астана motorsports» және «Астана pro team» командаларының басшылары Артур Ардавичус пен Ләззат Шәмшиева да спортты дамыту үшін бөлінген 2 миллиард теңгені жымқырған. Ал «Астана motorsports» командасының директоры Артур Ардавичуске халықаралық іздеу жарияланған.
Дсожан МАРАТҰЛЫ