Абай облысында Аграрлық несие корпорациясының жаңа филиалы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында Аграрлық несие корпорациясының жаңа филиалы ашылды

21.12.2022

Абай облысында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Аграрлық несие корпорациясының жаңа филиалы ашылды. Шаруалар енді өз өңірінде ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көретін болады.

Аграрлық несие корпорациясының еліміздің барлық облысы мен үш ірі қаласында филиалы бар. Бүгін Абай облысында 19-шы филиал ашылды. Шығыс Қазақстан облысы құрамында болған кезінде корпорацияның қолдауымен өңірде 20 млрд теңгенің 15 ірі инвестициялық жобасы іске асырылған. Оның қатарында мал бордақылау алаңдарын құру, ет-сүт өңдеу кешендері, тауарлы сүт фермасы жүйесін дамыту, асыл тұқымды шаруашылықтар желісін құру.

Марлен Нәбиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Негізі біз Аграрлық несие корпорациясы Қазақстан бойынша 19 облыста орналасқан филиалдар арқылы 200-ден астам несие серіктестіктері арқылы қаржыландырамыз. Биылғы жылы 350 миллиардтан астам несие берілді. Оның ішінде 13 мыңнан астам кішкентай қожалықтар.

Аграрлық несие корпорациясы қолдаған жобалардың бірі - «Qazaq Astyk Group» ЖШС-і. Зауыт тазартылмаған күнбағыс майын өндіреді. Өнімі ел ішінде, сондай-ақ Қытай, Өзбекстан мен Әзербайжанға экспортталады. Кәсіпорын басшысы Аграрлық несие корпорациясының «Агробизнес» бағдарламасы арқылы тиімді шарттармен 5,9 млрд теңге несие рәсімдеп, қымбат жабдық сатып алған.

Мақсат Саматұлы, «Qazaq astyk group» ЖШС бастығының орынбасары:

Аграрлық несие корпорациясының несие беруі арқасында жұмысымызды бастадық. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ең ірі май зауыты болып есептелеміз. Күніне 1000 тонна шемішке майын өндіруге мүмкіндігіміз бар.

Жеңіл несиенің шарапатын көргендер көп. Жыл басынан бері «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша Абай облысында 3 миллиард теңгеге 186 жобаны қаржыландырылды. Аймақтың шаруаларын қолдау келесі жылы да жалғасады. Бұдан бөлек, 9 кредиттік серіктестікті қаржыландыру арқылы 900-ге жуық шаруашылық тиімді несиеге қол жеткізген.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу