1991-2019 жылдары жұмыс істегендерге жәрдемақы төленеді деген ақпарат жалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1991-2019 жылдары жұмыс істегендерге жәрдемақы төленеді деген ақпарат жалған

02.03.2020
1991-2019 жылдары жұмыс істегендерге жәрдемақы төленеді деген ақпарат жалған

Мессенджерлерде таралған 1991 жылдан бастап 2019 жылға дейін жұмыс істейтін адамдарға МӘСҚ-дан төленетін төлемдер туралы ақпарат жалған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, мессенджерлер арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – МӘСҚ) 1991-2019 жылдар аралығында жұмыс істеген азаматтарға 600 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеп жатқандығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2005 жылдан бастап енгізілген және еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылған жағдайда, жүктілік және босану немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда жұмыс істейтін азаматтарды қолдаудың қосымша деңгейі болып табылады. Яғни, осы жағдайларда жүйеге қатысушы немесе оның отбасы мемлекет төлейтін әлеуметтік жәрдемақыға қосымша МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер алады. 

«МӘСҚ барлық азаматтарға бейресми дереккөздердегі ақпараттарға сенбеу керектігін ескертеді және көпе-көрінеу жалған ақпаратты таратқан адамның заң бойынша жауапқа тартылатындығын еске салады. МӘСҚ қызметі туралы өзекті ақпарат www.gfss.kz ресми интернет-ресурсында ұсынылған»,-делінген хабарламада.

Хабарламаларға жазылу