Биыл Қазақстанда ана мен баланы қолдауға 755,4 млрд теңге қарастырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстанда ана мен баланы қолдауға 755,4 млрд теңге қарастырылған

26.02.2021
Биыл Қазақстанда ана мен баланы қолдауға 755,4 млрд теңге қарастырылған

2021 жылы Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 120 млрд теңгеден астам сомаға өсті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді.

Министр өз сөзінде Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылатынын баса айтты.

«Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) бірқатар әлеуметтік төлемдер көзделген. 2020 жылы шамамен 1,9 миллион адам балалы отбасыларды қолдауға бағытталған сомасы 635,3 млрд. теңгеге 8 түрлі жәрдемақы мен төлем алды, бұл 2019 жылғы төлемдер сомасынан 71%-ға жоғары (372 млрд теңге). 2021 жылға осы мақсатқа 755,4 млрд теңге, оның ішінде бюджеттен 501,7 млрд теңге және МӘСҚ-тан 253,7 млрд теңге көзделген», – деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, министр елдің барлық өңірінде жұмыспен қамту, оқыту және басқа да мәселелер бойынша көмек көрсету үшін отбасын қолдауға арналған 31 орталық ашылғанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, республикалық бюджеттен мынадай жәрдемақылар төленеді: 

- бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақы; 

- бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы; 

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы; 

- көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы; 

- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға ай сайынғы жәрдемақы; 

- 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім көрсету бойынша ай сайынғы жәрдемақы.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, жұмыс істейтін әйелдер үшін МӘСҚ-тан: жүктілік және босану үшін біржолғы және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы төлем төленеді.

Бұдан басқа, жұмыс істейтін әйелдерге 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде міндетті зейнетақы жарнасы субсидияланады.

Хабарламаларға жазылу