2020 жылдан бастап 4 және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға жәрдемақы төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылдан бастап 4 және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға жәрдемақы төленеді

04.12.2019

Қаңқу сөз халықты әбігерге салды ма? «4 желтоқсан күні көпбалалы отбасылардың құжаттарын қабылдау аяқталады» деген әлеуметтік желідегі хабарлама тұрғындарды түлен түрткендей үркітті. Сонымен бірге, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы толассыз кезектің таусылмай жатқандығы тағы жазылған.

Жәрдемақының жаңа түрін алуға асыққандар саны халыққа қызмет көрсету орталығына әдеттегіден едәуір көп. Бірақ көмекке мұқтаж жандар үшін орталық күшейтілген тәртіпке ауысып, қосымша қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге, әлеуметтік желідегі ақпараттарды ести сала осында ағылғандар да аз емес. 

2020 жылдан бастап 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға бала санына байланысты 10 625 теңгеден кепілдендірілген жәрдемақы төленеді. Мәселен, 4 балалы жанұяға 42 500 теңге қарастырылған. Ал жәрдемақыны берерде отбасының табысын есептемейді.

Құжат қабылдау науқаны осы айдың аяғына дейін жүргізіледі. Мұндай көмекті бұрын алғандардың құжаттары базада сақталғандықтан, оларға 2020 жылы жәрдемақы автоматты түрде беріледі. Ал 2018-2019 жылдары төртінші немесе бесінші баласын дүниеге әкелген аналар орталыққа барулары міндетті.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ


Хабарламаларға жазылу