Чехия ұлттық кітапханасында «Абай» орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Чехия ұлттық кітапханасында «Абай» орталығы ашылды

28.01.2020

Еуропадан сүйінші хабар. Чехияның ұлттық кітапханасында «Абай» орталығы ашылды. Мәдени-ақпараттық жобаны Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің қолдауымен еліміздің ұлттық академиялық кітапханасы Прагадағы әріптестерімен бірге жүзеге асырды. Қарт құрлықтағы тұңғыш «Абай» орталығының тұсаукесер рәсіміне Чехия парламентінің депутаттары, қос елдің ақын-жазушылары мен осы мемлекетте оқитын қазақстандық студенттер қатысты. Осылайша, Абайдың 175 жылдығын Еуропа төрінде тойлау басталды.

Сонау 17-ғасырда салынған «Клементинум» ұлттық кітапханасы Чехияның ғана емес, бүкіл Еуропаның мақтанышы. 7 миллионнан астам кітап қоры, 60 мың оқырманы бар. Қазақстан елшілігі мен ұлттық академиялық кітапхана осы жерден «Абай» орталығын ашу туралы ұсыныс жасағанда, басшылары қуана келіскен.

 «Абай» орталығының аумағы ат шаптырым жер. Табалдырықтан аттаған оқырман Абай әлемінің тұңғиығына терең бойлайды. Сөрелерге ақынның өлеңдері, қара сөздерінен бөлек ұлы ойшыл жайлы жұрт жазған құнды еңбектер қойылған.

Ғұламаның ғибратты сөздерін оқырмандар аудиокітаптардан да тыңдай алады. Орталық ақпараттық технологиямен толық жабдықталған. Көпшілік «Әлем таныған Абай» көрмесі мен шағын театрландырылған көріністен бозбала Абайдың бейнесі мен оның бөлмесін тамашалады. Ұлы кемеңгердің даналық дүниетанымын саралауға арналған орталық қос ел ақын-жазушыларының жиі бас қосатын орнына да айналмақ. Ой толғауға бағытталған шара енді ертең Венгрия, Словакия мен Германияда жалғасады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу