Қызыләуіт ауылында 200-ден астам қойды бір түнде қасқыр қырып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызыләуіт ауылында 200-ден астам қойды бір түнде қасқыр қырып кетті

28.01.2020

Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Қызыләуіт ауылындағы шаруашылықтың 200-ден астам қойын бір түнде қасқыр қырып кетті. Ағадал малынан айырылған шаруа түз тағысымен күресуге қауқар жоқ дейді. Өйткені жыртқышты атуға тыйым салынған.  

Ал қораға түскен ит-құсты ататын атадан қалған жалғыз мылтықтың құжаттарын желеу етіп, жергілікті полиция өкілдері тәркілеп әкеткен.

Қасқыр жаралаған қойды қожалық иесі сойып алып, ауылдастарына таратып жатыр. Басқа амал жоқ. Шаруаның қиындыққа тап болғанын естігендер дереу көмекке келіп, қол ұшын созуда.

Арланның азуынан аман қалмаған жүзден астам қойдың өлексесі биотермиялық шұңқырға тасталды. Ветеринар мамандар қора қопсыны залалсыздандырып, өлекселерді жоюға жіберді. Алайда айтып келмейтін апаттың бар салмағы шаруаның өзіне түспек.

Шаруашылығын дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер мал санын арттырғаны үшін үкіметтен субсидия алып келген. Енді мал азайған соң мемлекеттің қолдауынан да қағылуы мүмкін.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу