Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасына «киіз басу» сабағы енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасына «киіз басу» сабағы енгізілді

16.01.2020

Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқу бағдарламасына биылдан бастап «киіз басу» сабағы енгізілді. Осыған дейін ұлттық қолөнер балаларға тек үйірмелерде насихатталып, тұрмыс-салт дәріптеліп келді. Сабақ барысында оқушылар киізден, жүннен және басқа да материалдардан түрлі картиналар жасайды. 

Айжан Қасқырбаева 3 жыл бойы үйірмеге үзбей қатысып, киіз басудың қыр-сырын меңгеріп алған. Қазір алуан түрлі бұйымдар жасайды. Оның картиналары мектеп қабырғасында ілулі тұр.      

Арман- қиялын киіз бетіне түсіріп, шеберлігін шыңдап жүрген жасөспірімнің бірі — Дариға Мұқашева. Әсемдікке әуес қыз жанға жылулық сыйлайтын ерекше сәттерді бейнелеп, түрлі бұйымдар жасаудан жалықпайды. 

Балаларға ұлттық өнердің кенже қалып барып жатқан түрін насихаттап, еңбекқорлық пен табандылыққа баулып жүрген Айжан Дайырова — өңірдегі білікті дизайнерлердің бірі. Осыған дейін киізге өрнек салып, түрлі киім де тіккен. Оның сабағына қазір тек қыз балалар емес, ұлдар да қатысады. 

Әзірге оқушылар бұл сабақты хобби деп қана бағалайды. Ұстаздар болашақта бүгнігі қызығушылық ертең кәсіптің көзіне айналып, қажетіне жарайды деген сенімде. Ал әзірге жеткіншектердің қолынан шыққан бұйымдар аукциондарға қойылып, одан түскен қаражат науқас балалардың еміне жұмсалып жатыр. 


Хабарламаларға жазылу