Bek Air ұшағының апатқа ұшырауына әуе кемесінің бортына мұз қатуы себеп болған. Бүгін мемлекеттік комиссия желтоқсанның соңында болған қайғылы жайтқа қатысты мәлімдеме жасады. Премьер-Министрдің орынбасары, арнайы үкіметтік комиссияның төрағасы Роман Скляр ұшақ апатының негізгі нұсқасын жариялады. Оның айтуынша, Bek Air ұшағы мұздатуға қарсы арнайы сұйықтықпен толық өңделмеген. Яғни, қанаттарына өңдеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Естеріңізге сала кетейік, 27 желтоқсан күні Алматыдан Елордаға бағыт алған Bek Air ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 12 адам қаза тапқан болатын.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Комиссия әуе кемесінің екі тәулікке жуық уақыт бойы тұрақта тұрып қалу фактісін жоққа шығармайды. Қалған нұсқалар бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Осының бәрін ескере отырып, апаттың негізгі себебі - ұшақтың мұздап қалуы деген тоқтамға келді. Дегенмен, тексерісті тереңдетіп, толық, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Ал әуежай аумағында тұрғын үйлердің салынуына қатысты сотқа дейін тергеу басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары 2015-2019 жылдары қызметтерін асыра пайдаланып, жеке шаруашылық жүргізуге, тұрғын үй салуға әуежайдың санитарлық қорғаныс аймағынан заңсыз жер бергенін анықтаған.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ