«Самұрық-Қазына» қоры мен Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сал ауруына шалдыққан балаларға арналған 8 оңалту орталығы мен инклюзивті білім беретін 16 қосымша кабинет құру туралы меморандумға қол қойды. «Қамқорлық» бағдарламасы сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту, инклюзивті қолдау кабинеттерін материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді. Тұңғыш Президент Қоры 200-ден астам маманды оқытып, біліктіліктерін арттырмақ. Ал жергілікті атқарушы органдар үй-жайларды дайындайды. Жаңа орталықтар мен қолдау кабинеттер ауруханалар мен жалпы білім беретін мектептер базасында ашылады. Қорға қарасты компаниялар соңғы 5 жылда қайырымдылыққа 60 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсап, 1 миллионнан астам адамға көмек көрсеткен.