Еңбек сіңірген мұғалімге 2,5 млн теңге сыйақы беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек сіңірген мұғалімге 2,5 млн теңге сыйақы беріледі

04.12.2019
Еңбек сіңірген мұғалімге 2,5 млн теңге сыйақы беріледі

Бүгін Мәжіліс «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Заң жобасына халықаралық олимпиада, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған мұғалімдерге үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төлетіні туралы түзетулер енгізілген. 

«Заң жобасы педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешуге, педагогтарға жүктемені азайтуға, оларды көптеген тексерулерден, сондай-ақ оларға тән емес функциялардан қорғауға, жұмыс істеп жүрген педагогтар үшін ынталандыру шараларын белгілеуге, жастарды мамандыққа тартуға бағытталған», - деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов. 

Осы орайда ол депутаттық корпус енгізген басты түзетулерге тоқталды. «2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтары үшін нормативтік оқу жүктемесін 18-ден 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма бекітіліп отыр. Білім беру саласындағы өкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарын дайындаған падагогқа тиісті мемлекеттік білім беруінің қызметі тұрғысында үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде бір жолғы жолғы сыйақының төленуін көздейтін норма енгізіледі», - деді Ә. Бектұрғанов. 

Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогқа 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2,5 млн теңге) біржолғы төлем белгіленеді. 

Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының мұғалімдеріне магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізіледі. 

«Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленеді», - деді депутат. 

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. 

Құжат Парламент Сенатының қарауына жіберіледі. 

inform.kz

Хабарламаларға жазылу