Тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жемісін көруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жемісін көруде

19.11.2019

Қарағанды облысының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жемісін көруде. Қазір өңірдегі қалалар ғана емес, шалғайдағы ауылдардың тұрғындары да 1-ші қыркүйектен бастап пилоттық жоба аясында қажетті ем-домын алуда. Ал алдағы жылдың қаңтарында жаңа жүйе елімізде жаппай қолданысқа енгізілмек.

Облыстағы 122 ұйым міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде жұмыс істеуде. Олардың барлығы жоғары деңгейдегі ақпараттық базамен қамтылған. Сандық технологияның арқасында қазір медицина мекемелерінің жұмысы денсаулық сақтау басқармасындағы бір ғана жағдаят орталығынан бақыланады.

Бүгінде өңірдің 1 миллион 400 мың тұрғыны түгел міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тіркеуге алынған. Дәрігерге жазылу, қаралу, зертханалық және диагностикалық тексерулер бұрынғыдан әлдеқайда тез жүзеге асады.

Жаңа жүйе қағазбастылықты жойып, науқастарға қызмет көрсету сапасын арттырды. Мәселен №5 қалалық емхана қазір күніне 500-600 адамды қабылдай алады. Мұнда қарасты 61 мың тұрғынның әр қайсысының денсаулығы жөніндегі ақпарат электронды базаға енгізілген.

Жаңа жүйенің артықшылығы сол, тұрғындар өзі таңдаған емхана мен дәрігеріне бара алады. Демек, емдеу мекемелері арасында бәсекелестік артады. Тағы бір маңызды тұсы — сақтандыру ережесінде көрсетілгендей мүгедек, зейнеткер, көпбалалы отбасы сынды әлеуметтің әлжуаз тобы саналатын азаматтар жарна төлеуден босатылады. Ал тұрақты жұмысы барлар табысының 1 пайызын қорға аударып отыруы шарт.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу