Май ауылында Мәдениет үйі қараусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Май ауылында Мәдениет үйі қараусыз қалды

18.11.2019

Қостанай облысындағы Май ауылында Мәдениет үйі қараусыз қалып құрып кетудің алдында тұр. Салынғанына 40 жылдан асқан ғимарат күтімсіздіктен тозып, адам көргісіз күйге түскен. Тұрғындар мәдени нысанды сақтап қалу үшін оны мемлекет меншігіне алуды талап етіп отыр. Алайда жергілікті билік өкілдері жұртшылықтың тілегін жүзеге асыруға аса құлықты емес.

Ал 26 қазан күні есігіне қара құлып салынған. Содан бері тарс жабық. Венера Гизатова осында 20 жыл басшы болып қызмет істепті. Қазір құлазып тұрған ғимараттың, тірлігі қайнаған думанды шағын қимастықпен еске алады.

Бұл ғимарат кеңес кезінен осындағы құс фабрикасының меншігінде. Кейін кәсіпорын күйреп, меншігіндегі нысандарды күтімге алуға мүмкіндігі жетпеді. Алайда аудандық бюджет есебінен бір штат ашылып, мәдениет үйі биыл қазан айына дейін жұмыс істеді. Енді тозығы жеткен ғимаратты мұнан әрі пайдалану қауіпті болғандықтан меншік иесі оны мүлде жауып тастап отыр.

Әкімдіктегілер мемлекеттік меншікке рәсімдеуге ғимарттың құжаттары дұрыс емес екендігін айтады. Бұл мәселе шешілгеннің өзінде нысан осы күйінде пайдалауға келмейді. Ал оны жөндеуге жүздеген миллион теңге қаржы қажет.

Яғни жөндеген күнде де 2 мыңнан аса тұрғыны бар ауылда мұндай үлкен нысанды ұстап тұру тиімсіз. Енді тұрғындар қоғамдық кеңес құрып ғимаратты құс фабрикасынан өз меншіктеріне алуды көздейді. Олар қалайда мәдениет үйін сақтап қалуға бел буып отыр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу