Шолақсай ауылында мәдениет үйі апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шолақсай ауылында мәдениет үйі апатты жағдайда тұр

17.04.2014
Шолақсай ауылында мәдениет үйі апатты жағдайда тұр
Қостанай облысының Шолақсай ауылындағы мәдениет үйінің қараусыз қалғанына 20 жылға жуықтапты. Сексенінші жылдары қос қабатты етіп салынған әсем ғимарат, бүгінде адам көргісіз күйге түскен. Жергілікті билік өкілдері енді оны демеушілердің көмегімен қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
 
Ерген Дәулетов - Шолақсай аулында клуб меңгерушісі болып былтырдан бері қызмет етеді. Ол мәдениет үйі қараусыз қалса да, тоқсаныншы жылдары бұзылып, талан-таражға түсіп кетпегеніне шүкіршілік,  деп отыр. Сондықтан қазір де есігін құлыптап, қалған дүниесін сұғанақ қолдылар тасып кетпеуін қадағалап жүр.
 
Ерген Дәулетов, ауыл клубының меңгерушісі:
Төбеден су ағып тұр. Айнала жарылған жерлері бар. Енді апатты жағдайда деп айтуға болады. Мәдени іс-шараларды қазір мектепте өткізіп жүрміз.
 
Кезінде ауылдың талай думанды мерекесінің сәнін кіргізген ғимараттың қазіргі сиқы осы. Электр қуаты мен жылудан ажыратылғасын қаңырап бос қалған.
 
Қазір мұндағы тіршілік белгісі сезіліп тұрған жер кітапхана ғана. Жас маман Гүлзат Камалованың айтуынша, кітап қоры жеткілікті және жаңарып отырады. Мерзімді басылымдар да бар.
 
Гүлзат Камалова, кітапханашы:
Әрине, қиын. Қазір кеңседе отырамын. Кабинетіміз жылы. Тек кітап беруге келемін. Құжаттардың бәрі кабинеттің ішінде жатыр.
 
Жуырда ауданнан арнайы комиссия келіп, ғимараттың қалпына келтіруге жарамды-жарамсыздығын тексеріп кетті. Жақында сараптама қорытындысы шығуы тиіс.
 
Сертай Шарафиев, Шолақсай ауылының әкімі:
Сосын жобалық-сметалық құжаты дайындалып, келісімшартқа отырамыз. Содан кейін жергілікті шаруашылық күзге дейін істеп береміз деп отыр.
 
Мәди Ихтиляпов, шаруашылық басшысы:
Бірақ, біздің бір ойымыз бар. Мемлекет бізге кішкене болса да, көмектессе ғой. 50 пайызын мемлекет алса, 50 пайызын біз төлесек. Сонда бізге жеңілірек болар еді.
 
Жөнделген соң мәдениет үйін күтіп-баптап ұстап тұруға кететін шығынды шаруашылық толық өз мойнына алуға дайын. Ал, ғимаратты қалпына келтіруге орташа есеппен 80-90 миллион теңге қаржы қажет.
 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу