Жамбыл облысында 8 батырдың есімі анықталды. Олар жайында бүгінгі күнге дейін белгісіз болып келген. Майдангерлер туралы мәліметтер ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқандардың тізімін жасақтау кезінде табылып отыр. Бұл соғыс солдаттары Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ әртүрлі себептермен марапат берілмей, ерліктері еленбей қалған. Қазір мамандар ардагерлердің туған-туыстарын іздестіріп, зерттеу жүргізіп жатыр.
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған 8 солдаттың бірі - Үмбетқұл Жиенбаев. Ол 2009 жылы өмірден озған. Майдангердің қос қызы жаңалықты естіп, Алматы мен Шымкент қаласынан арнайы келіпті. Олар әкелерінің құжаттары мен наградаларын жинақтап, мамандарға көмек бермек.
Гүлзағира Жиенбаева, соғыс ардагерінің қызы:
Одера өзенінен өткен уақытта бұл кісі сапер болған. Ол әскери билетінде де жазылған. Сол минаны тазалап өтіп, бір батальонды алып өтіп, үш-ақ адам тірі қалып тапсырманы орындаған. Сол кезде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ жанындағы орыс сарбазға беріліп, әкеме берілмей қалған екен. Бірақ оны біткеннен кейін де іздемеді.
1942 жылы 16 жасында соғысқа аттанып, бірінші және екінші Беларусь майданында шайқасты. Польша жерінде жауға қарсы тұрып, Варшаваны азат етуге қатысқандығын растайтын құжаттар сақталған. Ал елге 1947 жылы оралып, 40 жыл бойы ұстаздық етті.
Тәуірбек Әшімов, Байзақ ауданының құрметті азаматы:
«Қызыл ту» орденінің, ҰОС І дәрежелі ордендерінің иегері еді. Өзінің соғыстағы ерліктерін айта бермеуші еді. Ондай әңгімені жақтырмаушы еді. Өмірде бұл кісі өте қарапайым, қайсар, бір мінезді, батыр, өр тұлғалы азамат еді.
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған 8 солдаттың 5-еуіне қатысты деректер нақтыланып, 4-еуінің ұрпақтары табылды. Ал қалғандарына қатысты зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Назым Қожамарова, облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы:
Үшеуі туралы әзірге дерек жоқ. Оған жоспарды алдағы уақытта хат жазамыз деген ойымыз бар. Бұл 8 деген нақты сан емес. Себебі оған дейін бізге белгілі Ыбырайым Сүлейменов бар.
Архив мамандары Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған адамдар саны әлдеқайда көп деп санайды. Сондықтан тарихи кезеңдердің ақтаңдақ беттерін ашып, зерттеу шаралары жалғаса береді.
Сәбит Әлдебай