Батысқазақстандық соғыс ардагеріне 70 жылдан кейін медаль табысталды

10.07.2014
Батысқазақстандық соғыс ардагеріне 70 жылдан кейін медаль табысталды

70 жылдан кейін иесін тапқан награда. 1944 жылы 1-ші Балтық жағалауы майданындағы кескілескен шайқастарға қатысқан батысқазақстандық Лев Дорофеев үздіксіз үзілген байланыс желісін қалпына келтіріп, асқан ерлік  көрсетті.

Осыған орай,  ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған екен. Алайда, бұл туралы соғыс ардагері тек таяуда ғана білді. Араға 70 жыл салып, награда ардагерге табысталды.

Бүгін Лев Дорофеев ерекше толғанысты күйде. 70 жыл бұрынғы от пен оқтың ортасындағы екіталай сәт тағы да көз алдына оралды.

Сол бір кездегі ерлігі үшін тағайындалған алғашқы наградасы енді ғана қарияның өңіріне тағылды.

Лев Дорофеев, соғыс ардагері:

Ала алмай қалған себебім, содан көп кідірмей мен жаралы болдым. Госпитальде үш ай жаттым. Содан басқа бөлімге жіберді. Екі ауылда соғыс болғанда мен 20 рет үзілген жерді жалғадым. Сол үшін берілген награда.

7-ші сыныпты бітіре сала майданға аттанған Лев Дорофеев Беларусь, Латвия және Литваны азат етуге қатысты. Балаң жігіт шайқас алаңында талай рет батылдықтың белгісін танытты.

Ардагердің ұлы Сергей әкесінің жауынгерлік наградаға ие болғанын кездейсоқ анықтапты.

Сергей Дорофеев, ардагердің ұлы:

Достарым «Халық ерлігі» деген сайт бар екендігін айтты. Онда иесін таппаған наградалар туралы деректер бар екен. Қарап едім, әкемнің есімін таптым. Сөйтсем, 1944 жылы «Ерлігі үшін» медалі тағайындалған екен. Оны анықтағаннан кейін іздестіру жұмыстары басталды.

Ресейдің Подольск қаласындағы мұрағат пен РФ қорғаныс министрлігінен алынған құжаттар негізінде майдангердің медалі Қазақстанға жол тартты.

 Ресейдің Орал қаласындағы консулы Саид Забитов медалді соғыс ардагеріне салтанатты түрде табыстады.

Саид Забитов, РФ Орал қаласындағы консулы:

«Ерлігі үшін» медалі архивте болды. Тиісті  құжаттар дайын болған соң, иесіне тапсыру  үшін осында алдырдық Жеңіс жауынгеріне бұл медалді табыстау - мен үшін  ерекше қуанышты сәт.

ІІ Дүниежүзілік  және Жапон соғыстарындағы ерліктері үшін Лев Дорофеев 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Әйтсе де майдангер үшін 70 жылдан кейін оралған алғашқы медалінің орны бөлек.

Рауан ДИӘЛИ

 

Хабарламаларға жазылу