Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр кентіне осыдан 10 жыл бұрын «Нұрлы көш» бағдарламасымен көшіп келген тұрғындар үйдің сапасына шығымдануда. Баспаналар бұзылудың сәл-ақ алдында тұр. Жыл сайын жасап жатқан жөндеуден пайда жоқ. Ал үйлер әлі де болса мемлекет меншігінде. Келісім бойынша тұрғындар оны біртіндеп сатып алулары керек. Алайда халық сапасыз үйге ақша төлеуден бас тартып отыр.
Көкшетаудағы «Нұрлы көш» бағдарламасының жағдайы осындай. Кейбір баспаналардың жағдайы тіпті нашар болғандықтан, тұрғындар үйлерін тастап кеткен. Ылғалдың салдарынан ауруға шалдыққандар көп.
Ермек Елберген, тілші:
Үйлердің сапасы сын көтермейді. Қабырғаларының қалыңдығы небәрі 20 саниметр. Және оның ішінде бос екені, міне даусынан белгілі. Жел бола қалса, бұл қабырғалардың әп-сәтте құлауы әбден мүмкін. Оған, міне өздеріңіз көз жеткізе аласыздар.
Үйлердің іргетасы жоқ. Құрылыстың сапасыз жүргізілгені бірден байқалады. Қабырғалары болса сөгіліп жатыр. Тұрғындар амал жоқтан баспаналарын жылда жөндейді.
Жырғау Туғанбай, тұрғын:
10 жылдан бері ремонттың бәрін өздері жасап келе жатыр. Жыл сайын 500-ден 3 миллионға дейін халық өзі ремонт жасап жатыр қазір. Осы елдің 50 процентіне жуығы көбі осы кредит алып, үйді жөндеп келеді. Үйдің құнынан да асып кетті. Сондықтан халық бұл үйлер үй болмайды, бұзып қайта салу керек деген тұжырымға келіп отыр. Бірақ үкіметтен бір тиын ақша сұрамаймыз. Біз өзіміз жөндейік.
Тұрғындардың талабы — үйлердің меншікке тегін берілуі. «Себебі қирап қалған баспанаға құн төлегіміз келмейді»,-дейді. Мұндағы халық үйлердің құжаттарын мүлдем көрмеген. Оның бар екендігіне де күмәнмен қарайды.
Әпесхан Дәмелғазы, тұрғын:
Қазір адамдар үйдің сапасыздығынан, үйдің суықтығынан адамдар ауырып та жатыр. Ал енді бұның бізге тигізіп отырған үлкен кесірі, мына жерден несие алып кәсіп істейік десек, «кепілге мүлік қойыңдар» дейді. Ал кепілге мүлік қояйық десек, бұл үйлердің құжаты жоқ. Бұл үйдің кімдікі екені әлі белгісіз болып тұр.
Бүгінде жергілікті билік «шағын ауданның мәселелерін біртіндеп шешіп жатырмыз» дейді. Ол - жол, бала-бақша, жарықтандыру. Ал үйлерді жеке меншікке тегін беру әзірге мүмкін емес.
Амангелді Смайылов, Көкшетау қаласының әкімі:
Үйлер 10 жыл бұрын салынған. Сондықтан олардың сапасы туралы айту қиын. Қазір тұрғындар тарапынан сұрақтар көп. Оны білеміз. Қолдан келгеннің барлығын жасаудамыз. Ал баспаналарды ақысыз беру біздің құзіретімізде емес. Заңдық тетіктер жоқ. Арнайы комиссия бар. Солар қарап жатыр.
Баспаналар «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы рәсімделген. Яғни тегін беру тетігі жоқ. Демек, Краснояр тұрғындарына алдағы қысты тағы да уайыммен өткізуге тура келеді.
Ермек ЕЛБЕРГЕН