Нұр-Сұлтанда жалдамалы пәтер алғысы келетін жастардан құжат қабылдау басталды. Тұрақты жұмысы бар, жасы 29-ға дейінгі қыз-жігіттер тиісті құжаттарды 10 қарашаға дейін электронды түрде тапсырып үлгеруі керек. Ал іріктеу әділ өте ме? Одан жоғары балл жинағандар қандай пәтерлерге жайғасады?
Таңнан бері елорда жастары Smart Astana сайтына жарыса кіріп жатыр. Өйткені жалдамалы пәтерге құжат қабылдау осы жерде электронды түрде жүруде. Нұр-Сұлтанда екі жыл тіркеуде тұрған, жалақысы 100 мың теңгеден жоғары, тұрақты жұмысы бар, басында баспанасы жоқ 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттердің барлығы бағдарламаға қатыса алады.
Бақытжан Жүнісбеков, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму істері басқармасының бөлім басшысы:
Бұл жерде адамның тікелей қатысы өте минималды түрде. Бұл жерде портал құжаттарды автоматты түрде қабылдайды. Егер негізгі талаптарға сәйкес келмесеңіз, онда екінші, үшінші, төртінші кезеңдерге жіберілмейді. Бұл өзі құжат қабылдау төрт қадамнан тұрады.
Ал осы төрт қадамнан сүрінбей өткендердің құжаты сараланып, әрбіріне тиісті балл беріледі.
Мәселен, өтініш берушілердің бірі екі балалы әке делік. Оған отау құрғаны үшін 5 балл, бір баласы үшін 1, екінші баласы үшін 2 ұпай беріледі. Егер сұранысқа ие 100 мамандықтың біріне ие болса, тағы 10 балл қосылады. Түрлі салада жеткен жетістігі, мақтау қағаздары болса тағы 2 ұпай. Сөйтіп, бұл өтініш беруші жалпы 19 баллмен конкурсқа қатысады.
Осылайша жоғары ұпай жинаған жастарға мына су жаңа тұрғын үйлерден 1050 пәтер үлестіріледі. 24 қабатты үй, Сәкен Сейфуллин мен Шоқан Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан.
Асылбек Есірке, құрылыс маманы:
Бізде бәрі дайын қазір үйлер. Жөндеу жұмыстарының бәрі істелді. Енді үлестіру ғана қалды.
Баспана 5 жылға ғана жалға беріледі. Осы уақыт ішінде жас отбасы өз үйіне ақша жинап, өзгелерге орнын босатуы керек.
Досжан Маратұлы, тілші:
Мәселен, бұл жастарға берілетін екі бөлмелі пәтерлердің бірі. Мына жерде зал, одан әрі жатын бөлме, ас үй, ал мына жақта жуынатын бөлме орналасқан. Баспананың ауданы 59 шаршы метр.
Жалға берілетін 1 және 2 бөлмелі үйлердің ақысы шаршы метрге қарай, 5-тен 15 мың теңгеге дейін болады. Сондықтан бағдарлама өз пәтеріне ақша жинай алмай, біреудің босағасында күнелткен жастарға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз. Ал құжат қабылдау 10 қарашаға дейін жалғасып, пәтер бұйырғандардың тізімі желтоқсанның басында жария етілмек.
Досжан МАРАТҰЛЫ