Шаршы метрі 1455 теңге: жалдамалы пәтер алуға өтініш қабылдау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаршы метрі 1455 теңге: жалдамалы пәтер алуға өтініш қабылдау басталды

28.09.2020
Шаршы метрі 1455 теңге: жалдамалы пәтер алуға өтініш қабылдау басталды

Елордада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй алуға құжат қабылдау басталды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері, полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің барлық санаттағы азаматтары қатыса алады. Өтінімдер 7 қазанға дейін қабылданады.

Пәтерлер сатып алу құқығымен жалға беріледі. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар ай сайын әр шаршы метрі үшін 1455 теңге төлеуі керек. Ең көп жалдау мерзімі – 20 жыл. Ол аяқталғаннан кейін баспана жалға алушының меншігіне өтеді.

Үміткерлер отбасы құрамына қарамастан 1,2,3 бөлмелі пәтерлерге өтініш бере алады. Жалпы, жалға алушылардың неше бөлмелі баспана алатыны олардың төлем қабілетіне байланысты. Мәселен, ауданы 37 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерді жалға алу айына 53 835 теңгені құрайды. Бұл жағдайда отбасынің кірісі басқа міндеттемелерді қоспағанда кем дегенде 110 000 теңгені құрауы керек.

Биыл Тілендиев даңғылында, Сары бұлақ бойында орналасқан «Жаңа қоныс» тұрғын үй кешенінен және С.Торайғыров көшесінде орналасқан «Керемет» тұрғын үй кешенінен 224 пәтерді жалға беру жоспарланған. 

Өтініштер zhilfond.kz сайты арқылы қабылданады. Порталдың «Онлайн қызметтер» бөліміндегі «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтініш беру (ҚИК)» сервисін таңдап, ұсынылыған деректерді толтыру қажет. Өтінім берушілерде ЭЦҚ кілті және жұмыс орнынан анықтама болуы міндетті.

Жалға берілетін тұрғын үйді алушыларды іріктеу тіркеу күніне сәйкес жүзеге асырылады. Әрі қарай, әлеуетті жалға алушылар төлем қабілеттілігін және басқа мәселелерді растау үшін осы тұрғын үй бағдарламасының операторы «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ-ға жүгінуі керек. ҚИК-тің сенім телефоны: 8 800 080-44-48.

Хабарламаларға жазылу