Абайдың 175 жылдық мерейтойының ашылу рәсімі алдағы жылдың қаңтар айында бас қаламыз Нұр-Сұлтанда салтанатты түрде өтеді. Ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған жоспар 80 тармақтан, 500-ден астам іс-шараны қамтиды. Сонымен қатар Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы да республикалық және халықаралық деңгейде аталып өтіледі. Бүгін осы екі мәселе бойынша мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті.
Ұлы Абайдың туған жері Семей өңіріне бүгінде айрықша назар аударылуда. Себебі тарихи тұлғаның мерейтойына еліміздің әр түкпірінен және шетелден келетін қонақтар саны арта түспек. Келген кісіні алқам-салқам қарсы алу қанымызға жат қылық екені белгілі. Қазіргі уақытта Жидебайға жақын маңайдың барлығы, яғни Абай ауданы тұтастай түлеп жатыр. Өлкеге өң беру мақсатында қисық дүниелер түзетіліп, ескінің бәрі жаңартылып, жыртығы жамалып, қажет дегені жаңадан салынуда. Мәселен, Семейден Қарауылға дейін жаңадан автожол салу ең басты қажеттіліктің бірі және ол мәселе бүгін мемлекеттік комиссияның отырысында көтерілді.
Ғарифолла Есім, Мемлекеттік комиссия мүшесі, ғалым:
Сондықтан бюджеттің қуыс-қуысын қарастырса, 180 шақырым жерге 4 жолақты етіп Абай даңғылы деп енгізіп тастасақ қалай жақсы. Оны біз жасамағанда, кім жасайды, анау Абай, Семей халқы мың алғыста болар еді.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Смайыл мырзамен жаңа келісіп, мемлекеттік комиссияның хаттамасына Үкіметке осындай ұсыныс беріледі, осы мәселені қарау туралы.
«Дара, данышпан Абайдың мерейтойын сапалы, ең бастысы, тағылымды әрі тәрбиелі етіп өткізуміз керек»,- деді мемлекеттік хатшы. Ұлы тұлғаның шығармаларын жаңғырту, ұрпақ алдында насихаттау, ғылыми тәжірибелік конференциялар ұйымдастыру. Сонымен қатар Абайды ұлықтауға әлемнің әр түкпіріндегі елшіліктер де атсалысады. Ұлы тұлғамыздың еңбектері, осы бағыттағы ізденуші ғалымдардың жұмыстары халықаралық деңгейде таныстырылмақ. Нұр-Сұлтан қаласында алып ескерткіш орнату және Абай әлемі атты орталық салу, оның ішіне Абай академиясын орналастыру міндеті тұр.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Қазір республикалық бюджеттен 3,2 миллиард қаржы бөлінген, жергілікті бюджеттен жарты миллиард қаржы бөлінді. Демеушілердің де қаржылай көмегімен пайдаланып, қосымша қаржы көздерін табамыз деп отырмыз.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев комиссия мүшелерінің ой-пікірін түбегейлі тыңдап, жиынды қорытындылады.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Мемлекеттік комисияның хаттамасымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу...
Сонымен қатар бүгін Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Жалпы республикалық жоспарда ұлы философтың мұрасын зерделейтін, зерттейтін, шартарапқа танытатын, ұрпағымызға дарытатын 50-ден астам іс-шара қамтылған. Туған жері Отырар ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылады. Қазақ жерінен шыққан ұлы ұстаздың еңбектері әлем алдында әспеттелмек.
Ербол МӘНДІБЕК