Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында мектеп оқушылары арасында волейболдан облыстық турнир өтті. Көкжыра ауылында ұйымдастырлған спорттық шараның басты мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттап, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдау. Себебі барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Бұл туралы Президенттің биылғы Жолдауында да айтылған.
Президент өз Жолдауында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді деп атап өтті. Ал денсаулық кепілі – спорт. Сондықтан Тарбағатай ауданында жыл сайын оқушылар арасында волейболдан облыстық жарыс ұйымдастырылады.
Мақсат Мәзбаев, жарысты ұйымдастыру алқасының мүшесі:
Мақсатымыз - спорттың қай түрінен болса да жарысты көп ұйымдастырып, ауданымызда жастарды спортқа тарту. Спорт - денсаулық кепілі.
Екі күн бойы өткен волейбол турнирінде барлығы 24 команда бақ сынады. Ұлдар арасындағы ойынды айтпағанда, волейболшы қыздар да тартысты кездесулер өткізді.
Ақбота Бақытбекова, 11-сынып оқушысы:
3-сыныптан бастап волейболмен айналысамын. Біз бұл жарыстан бұрын да көптеген сайыстарға қатыстық. Тарбағатай ауданының атынан шығып талай рет облыс чемпионы болдық.
Жалпы, Тарбағатай ауданында волейболға деген қызығушылық жоғары. Жылдан жылға спорттың бұл түрімен айналысатын жастар көбейіп келеді. Ала допты алақанында ойнататын балалар талай байрақты бәсекеде топ жарып жүр.
Тілеуберген Бәйдіндаев, Көкжыра ауылының тұрғыны:
Балалардың арасында өтетін волейбол жарысының деңгейін ары қарай көтеру - біздің мақсатымыз осы. Қоғам қайраткері, ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген, полиция полковнигі Далелхан Сабуров атындағы турнир биыл осымен IX рет өтіп отыр.
Жарыс қорытындысы бойынша қыздар арасында бірінші орынды Тарбағатай ауданының Ақжар ауылынан келген оқушылар жеңіп алды. Ал ұлдар арасында Өскемен қаласынан келген жас волейболшылар командасы үздік атанды.
Берік Көшербай