Елордада әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсетілді

24.10.2019

Еңбектері елеусіз, бірақ өлшеусіз әлеуметтік сала қызметкерлері марапатталды. 20-дан астам маман Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, қала әкімі және оның орынбасары атынан құрметке бөленді. 

Таңсық Күсемісов әлеуметтік сала қызметкері ретінде биыл алғаш марапаталды. Оған министрліктен төсбелгі тапсырылды. Ол қарттар және мүгедектерге арналған оңалту орталығының бас дәрігері. Ал бұған дейін медицина саласында еңбек еткен.

Сала мамандарының бұл мерекесі 2011 жылдан бері атап өтіледі. Қазанның соңғы жексенбісі деп белгіленген. Содан бері мұқтаждың мұңын тыңдап, сүрінгенді демеп жүргендерге ілтипат көрсетіледі. Құзыретті органдардан бөлек, «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» байқауының жеңімпаздары да марапатталды.

Бақтияр Мәкен, қала әкімінің орынбасары:

Халық оң бағасын беріп жатыр. Бұл сіздердің өз міндеттеріңізді лайықты орындап жатқаныңыздың белгісі деп айтамын. Әлеуметтік салада кездейсоқ адамдар жоқ екеніне сенімдіміз.

Әлеуметтік салаға мемлекет мейлінше көңіл бөліп отыр. Қалада басқармадан басқа «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылып, онда 12 мемлекеттік орган 70-тен астам қызмет көрсетеді. 450-ге жуық әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері бар. Мына егде кісілер сол мамандардан көмек алған. Енді кәсіби мерекелерінде төгілтіп ән шырқап берді. 

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу