Қарағандыда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған конференция өтті

23.10.2019

Елімізде Алтын Орда кезеңіне жататын тарихи-мәдени ескерткіштерге кешенді түрде археологиялық зерттеулер жүргізілуде. Алаша хан, Жошы хан , Болған ана сынды көне мазарларда жерленген адамдардың шығу тегін анықтау мақсатында генетикалық сараптамалар жасалуда. Ол үшін Еуропа елдері мен Жапонияның ең мықты деген ғылыми зертханаларының заманауи технологиялары қолданылуда.

Отандық ғалымдар 2018 жылы жүргізген экспедициялар кезінде бұл көне ескерткіштердің бірқатарын қайта зерделеу қажет екені айқындалған. Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алтын Орданың 750 жылдығына орай өткен халықаралық ғылыми конференцияда осындай тың мәселелер айтылды. Бір ғана Болған ана кесенесіне қайта археологиялық зерттеу кезінде әйел адамның әшекей бұйымдары, киімі табылды. Сондай-ақ, қызғалдақ пен қошқар мүйіз оюы өрнектелген 900-ші сынамадағы алтыннан құйылған тостаған табылған болатын. Бұл Ресейдегі эрмитажда тұрған алтын ыдыстармен айна-қатесіз ұқсас болып шыққан. Көне жәдігерлер ғылыми шара аясында көрмеге қойылды. Халықаралық конференцияға қатысушылар Ұлытау өңіріне блог-турға шығып, тарихи-мәдени ескерткіштермен танысады.

Берік Әбдіғали, Қазақстанның киелі жерлері географиясы жобасының жетекшісі, тарихшы:

Қазақ хандығы сол Шыңғыс хан, Жошы қалыптастырған империяның мұрагері болып есептелеміз. Соған лайықты іс-шаралар ұйымдастырып, ескерткіштерімізді қалпына келтірсек, бұл да бір елді мекеннің, ауданның дамуына өз үлесін қосады. Ертен жолдар дұрысталады, туристер келе бастайды. Мұның экономикалық жағынан тиімділігі бар біз үшін. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу