Қазақстанда көмір бағасы неге жылдан жылға үздіксіз қымбаттап барады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда көмір бағасы неге жылдан жылға үздіксіз қымбаттап барады?

19.10.2019

Еліміздің суық өңірлеріндегі қазандықтардың қызметіне кіріскеніне 2 аптадан асты, оңтүстік жақтағы ағайынға жылу берілгеніне 1 апта болды. Көз жеткені, маусым басталғанмен мәселенің бәрі шешіле қоймапты. Кімнен қандай қателік кетті? Отан жағып елді түтінге тұншықтырғандарды кім жауапқа тартады? Бұл жылдағы әдет.  2019 жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша көмір өндіруші компаниялар 75,1 млн тонна көмір өндірген, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғандар 97,2 пайызды құрады. Арада ай өтті, жетпегенін жеткіздік деп және жауап берді. Ол - ол ма, мына кестеге қараңыздар, ресми дерек. Қазақстан көмірін сыртқа сатушы елдер тізімінде жетінші орында тұр. Ат төбеліндей алты алаштың алып атырабында 200-ге жуық көмір кен орны анықталып, ондағы қара алтынның геологиялық қоры 164,4 миллиард тонна екен. Байлық бар, бұл биліктікі емес, халыққа ортақ дүние. Тек осы қорды жұртқа жеткізіп беру, қалта көтеретін бағаға сату шенеуніктердің, яки сіз бен біздің қызметкерлеріміздің міндеті. Өкініштісі сол, көмірдің бағасы Қазақстанда 2011 жылдан бері үздіксіз қымбаттап барады. Министрлердің бітпейтін ақталуынан шаршаған ағайын ақшасына көнсе де сатылатын отын қоймада таусылып қалатыны және бар. Басқарушылар жол берген осындай бассыздықты көргенде қарадай ашуың келеді.

Мына тізім қара алтынның құны. Көмірдің бес түрі көрсетілген, тоннасы қаншадан екені тайға таңба басқандай жазылған. Жылдағы дағды осылай. Бірақ... Біздеге қандай бастаманы айтпасақ та «бірағы» ілесіп жүреді. Ағайын ақ жағалылар жариялаған мына бағаға көмір алу мүмкін емес, бұл елге айтылған тағы бір ертегі дейді. Мысал мың, пікір пішен. Соның бірі міне,

«Қалада Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 13 500-14 500 теңге. Ал, ол Қояндыға жеткенде 21 000 теңгеге бір-ақ шығады. Олардың бір тонна дегені азғантай ғана»,- дейді. Сонда біздің шенеуніктер кімге, қалай есеп береді? Ел жыл сайын баға қымбат, қиын деп қынжылса да шенділер келесі жылы сол жырмен отырады.  

Назым ҚАЙРАТ


Хабарламаларға жазылу