200 теңгелік монета айналымға шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

200 теңгелік монета айналымға шығады

18.10.2019
200 теңгелік монета айналымға шығады

2020 жылы Қазақстанда номиналы 200 теңгелік монета айналымға шығады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұлттық Банктің маңызды міндеттерінің бірі — қолма-қол айналымда жүрген ақшаның сапасын қамтамасыз ету. Бұл банкнотты эстетикалық тұрғыдан қабылдау, оның санитарлық қауіпсіздігі және қорғалу мәселесі. 

«Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозады. Салыстыру үшін, жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі – 10-15 жыл», - деді Қолма-қол ақша айналысы департаменті басшысы Жомарт Қажмұратов. 

Қолма-қол ақша айналысын тиімді ұйымдастыру және төмен номиналдардың қолданылу мерзімін ұлғайту мақсатында, Ұлттық Банк номиналы 200 теңгелік айналыстағы монетаны шығару туралы шешім қабылдады. 

«Номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Олар табиғи тозуына қарай айналымнан алынатын болады», - деді Ұлттық Банктің өкілі. 


Хабарламаларға жазылу