Қазынаның миллиондаған қаржысына салынған «Шаян» индустриалды аймағы іске қосылмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазынаның миллиондаған қаржысына салынған «Шаян» индустриалды аймағы іске қосылмады

15.10.2019

343 миллион теңге жұмсалып, өндіріс орындары салынады деген жер, мал жайылымына айналды. Кезінде қазынаның қаржысына салынған Түркістан облысындағы «Шаян» индустриалды аймағы елге ешқандай пайда әкелмеген. Айдар тағып, әспеттелген өңірге бастапқыда 20-ға тарта өндіріс орны салынатын болған. Инвесторларды қызықтыру үшін аймаққа өндіріске қажетті біраз инфрақұрылым да тартылды. Бірақ нәтиже жоқ. Не себепті арада 5 жыл өтсе де бірде бір өндіріс іске қосылмаған?

 Ғани Қалмаханов, тілші:

Өңір экономикасына соны серпін әкеледі деген индустриалды аймақты жасақтауға 343 миллион теңге жұмсалған. Электр желілері, су жүйесі тартылып, бір шақырымдай жерге асфальт төселді. Алайда қаз-қатар өндіріс орындарын ашып, елді табысқа кенелтеді деген аймақ қазір төрт түліктің жайылымына айналған.

Жалғыз атауы ғана менмұндалап тұрған өндіріс ошағында мүлгіген тыныштық. Аумағы 63 гектар болатын индустриалды аймақта қазір жалғыз үй күзетші отыр. Мердігер құрылыс компанияның есебінен 2 адам жалақы алып келеді.

Олжас Әйтімбетов, күзетші:

2015-те ма, 2016-да ма басталды ғой. Нақтсын білмеймін. Қазір бос тұр. Инвесторлар келіп жатыр. Жақында ашылады деп. Солай айтып кетіп жатыр.

Бүгінгі таңда Бәйдібек ауданында екі инвестор бизнес жоспарын әкімдікке ұсынған. Бірі тауық етін өңдеу, екіншісі тамшылатып суару қондырғыларын жасайтын кәсіпорын салу жобасы. Алайда индустриалды аймақтан кәсіпкерлерге жер бөліп беру мүмкін болмай отыр. Өйткені құрылыс аяқталмаған. Құжаттары жоқ болғандықтан тапсырыс беруші қабылдап алмаған.

Мейіржан Беріков, Бәйдібек ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда тапсырыс беруші мекеме облыстық энергетика басқармасы болып табылады. Мердігер мекеме жұмысын толық аяқтамаған. Сондықтан ауданның балансына өтпеген.

Жобаның не себепті іске аспай қалғанын дәл айтудың өзі қиын. Аудан облысқа, облыс тапсырыс берушіге, ол мердігерге сілтейді. Осы кезге дейін өңірдегі индустриалды аймақтарға тапсырыс беруші ретінде облыстағы Энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылығы басқармасы жауапты болып келген. Енді биылдан бастап олар арнайы басқару компаниясының еншісіне беріліп жатыр.

Талғат Қыдырбаев, Turkistan индустриалды аймақтарды басқару компаниясының бас директоры:

Нақты айта алмаймын. Ол құрылыс компаниясынан болуы да мүмкін. Лабораторияға, экспертизаға тапсырмауы мүмкін. Оны тапсырыс беруші басқармадан нақты білуге болады.

2014-2015 жылдары Түркістан облысындағы 9 ауданда осындай индустриалды аймақ құрылған болатын. Бүгінгі таңда олардың 6-ы жұмыс істеп тұр. Бірақтар кәсіпорындар ашылған. Ал қалған үшеуі аты болғанымен заты жоқ күйде.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ


Хабарламаларға жазылу