Шымкентте шыны зауыты ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте шыны зауыты ашылды

11.07.2014
Шымкентте шыны зауыты ашылды

Елімізге  шет елдерден миллиардқа жуық шыны құты алынады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Оңтүстік Қазақстан облысында үш шыны ыдыстарын өндіретін зауыт салу көзделуде.

Олардың бірін салу жұмыстары әлі дайындалып жатса, екіншісінің құрылысы жүріп жатыр. Ал, «Еврокристалл» деп аталатын кәсіпорын облыс орталығындағы индустриалды аймақта ашылды. Кәсіпорын жылына 100 миллион данаға дейін шыны құтысын өндіреді.

Зауыт заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталған.Қытай елінен қондырғылармен бірге мамандар да келген. Олар кәсіпорын жұмысшыларымен тәжірибе алмасады. Жарты жылдың ішінде жас мамандарды да даярлайды. 

Серғазы Садықбаев, кәсіпкер:

2015 жылы екінші линия қосылады. Барлығы Швейцарияның технологиясы бойынша жасалған. Зауытта 150 адам жұмыс істейді.

Зауыттың алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін 2 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған. Келер жылы екінші өндіріс ошағын орнатуға «тағы 1 миллиард теңге қажет»,- дейді мамандар. Кәсіпорын толық қуатында пайдалануға берілгеннің өзінде елдегі сұраныстың 15 пайызын ғана қамтамасыз етеді.

Себебі, сыра мен сүт зауыттарына, фармацевтика саласына шыны құтылар аса қажет. Айта кетерлігі, өңірдегі  индустриалды аймақта биыл 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Онда 826 адам жұмыспен қамтылады. 

Нұрлан Зейдулла, «Оңтүстік» индустриалдық аймағы директорының орынбасары:

Әр ауданда индустриалды аймақ ашылып, биыл 7 жоба іске қосылады. Аудан-қалаларда 55 жоба мақұлданып, іске асыру жоспарлануда.

Келер жылы күнгейде тағы 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Осылайша билік кәсіпкерлермен бірлесе отырып, халықтың әлеуетін арттырмақ. 

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу