Маңғыстауда Жетібай ауылының тұрғындары мұнайгаз өндірісінен шыққан қалдықтардың залалын тартып отыр. Ауылдың маңында тау боп үйілген мұнай қалдықтары қоршаған ортаны ластап, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар құзырлы органдардан көмек сұрайды.
Арыстанбек Бертілеуов 10 жылдан бері тыныс жолының аллергиясымен күресіп келеді. Тепсе темір үзетін жігіт ағасы сырқатын ауылдың экологиясымен тікелей байланыстырады. Тұрғынның айтуынша, жағалай орналасқан өндіріс ошақтары мұнай қалдықтарын әр жерге төгіп тастаған. Зиянды қоқыс желмен ұшып, ауылдықтарды улап жатыр.
Арыстанбек Бертілеуов, Жетібай ауылының тұрғыны:
«Амбар» дейді, сонда мұнай қалдықтарын әкеліп жинайды. Бір жолдармен бір жаққа жіберетін шығар. Ал соның қасына барғанда жүре алмайсың, шашылып-шашылып жатқан мұнай...
13 мыңнан астам тұрғыны бар Жетібай ауылы Ақтау қаласынан 92 шақырымда орналасқан. Жер асты байлығы мұнда 1961 жылдан бері игеріледі. Оған қоса, 20-ға жуық карьерден ұлутас өндіріліп жатыр. Сондықтан ауылдың экологиялық жағдайы айтпаса да белгілі. Ал бірнеше жылдан бері ашық-шашық жатқан мұнай қалдықтары тұрғындардың ашу-ызасын тудырды.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Міне, мынау мұнай қалдықтары төгілген шұңқыр. Аумағы 6 гектар. Айнала жағымсыз иіс. Үсті-үстіне төгіліп үйілген қалдықтар. Аумақты залалсыздардыруға тиісті мекеме қазір үшті-күйлі жоқ. Оны сот орындаушылар мен жергілікті әкімдік 2 жылдан бері таппай отыр.
Қуаныш Асанов, Жетібай ауылының тұрғыны:
«ОралЭнергоСтрой» сол жерді алды кезінде. «Банкротқа ұшырадық» деп бізден қазір жалтарып, қашып жүр. Соттың шешімі 2017 жылы шықты. Бірақ мекеме әлі қозғалған жоқ.
Экологтардың айтуынша, полигон 1 санаттағы экологиялық зиянды әрі өте қауіпті аймаққа жатады.
Руслан Тукенов, Маңғыстау облыстық экология басқармасының басшысы:
Тексеріс кезінде 12 мың тоннадан астам мұнай қалдығы жатқаны анықталды кезінде ол, әрине қоршаған ортаға, ауаға белгілі мөлшерде зияны бар екені белгілі. Сотқа жүгіну арқылы бұның жұмысын тоқтатқан болатынбыз. Және де қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 651 миллион теңге нұсқама берілген болатын.
Бүлінген жердің қашан қалпына келетіні белгісіз. Ал оның зардабын қарапайым халық тартып отыр. Дәрігерлер берген мәліметке сүйенсек, ауылда бала өлімінің 80 пайызы шала туады, ал 20 пайызы туа бітті кеміс болады. Бұл дәлелденген факті.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ