Шетелдік сараптама жүйесі Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың диссертациялық жұмысынан плагиат белгілерін анықтады. Бұл туралы Plagiat.Pl халықаралық компаниясының басшылығы мәлімдеді. Фатима Жақыпованың диссертациялық жұмысын Сәтбаев университетінің проректоры Ринат Искаков Plagiat.Pl халықаралық компаниясының ТМД мен Еуропа елдерінде қолданылып жүрген «антиплагиат» жүйесімен тексерген. Сараптама қорытындысы бойынша диссертацияның жартысынан көп бөлігі басқа ғылыми еңбектерден алынғандығы анықталды. Автор оны, тіпті өңдеместен сол күйінде пайдаланған. Plagiat.Pl халықаралық компаниясының атқарушы директоры Али Тахмазовтың айтуынша, бұл- өрескел тәртіп бұзушылық.
Али Тахмазов, Plagiat.Pl халықаралық компаниясының директоры:
Вице-министр Жақыпова ханымның докторлық диссертациясында көшірме көп. Көпке үлгі болуы тиіс ведомствоның басшылығынан сондай келеңсіздіктің анықталғаны көңілге кірбің ұялатады. Жалпы Қазақстандағы заңнамалық вакуум мен қоғамның плагиатқа деген тиісті көзқарасының жоқтығынан мұндай жағдай қайталана береді.
Бұл мәселеге байланысты вице-министрдің өзі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Жалпы, Жақыпованың диссертациялық жұмысына қатысты әңгіме бүгін ғана басталған жоқ. Бір ай бұрын министрліктің бұрынғы қызметкері вице-министрдің жұмысын плагиаттыққа тексеру нәтижелері бойынша диссертацияның 40 пайызы ғана түпнұсқа екенін айтқан болатын. Бірақ шенеунік әлеуметтік желіде бұл айыптау негізсіз деп, оған дәлел ретінде ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы берген құжатты жариялады. Ол бойынша ешқандай заң бұзушылық анықталмаған. Ал плагиаттарды анықтаумен айналысатын халықаралық ұйымының өкілдері ғылыми жұмыстың нақтылығына арнайы сарапшылар ғана баға береді деген пікірде.
Катя Левченко, Turnitin халықаралық компаниясының өкілі:
Бірде бір бағдарлама плагиатты анықтай алмайды. Пайыздық көрсеткішпен сәйкестіктерді көрсетуі мүмкін. Бірақ нақты бағаны тек арнайы сарапшылар береді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ