Қарағанды облысының тұрғыны Абай Құнанбайұлының мүсінін тасқа қашап жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының тұрғыны Абай Құнанбайұлының мүсінін тасқа қашап жасады

08.10.2019

Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы қаласының тұрғыны хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жерлестеріне үлкен сый жасады. Манарбек Кәрім жергілікті тау-тасқа ұлы ойшылдың бейнесін қашап салып берді. Ұлы Абай суреттелген тас қаладағы екі ғасырлық тарихы бар ғимараттың алдына қойылды. Дәл осы көк шатырлы көне үйге бала күнінде Абай әкесіне еріп, талай мәрте қонақ болып түскен. Бұл Құнанбай тамыр еткен шаңырақ иесінің де тегін адам болмағанын аңғартады. Ал ол кім? Көне үй осы күнге дейін қалай жетті? Оны Руслан Нұрланұлынан білейік. 

Он саусағынан өнер тамған шебер Манарбек Кәрім мына алып тасқа хакім Абай бейнесін үш-төрт күн қашап салыпты. Сурет өте тартымды, әрі шынайы шыққан. Күрделі әрі мәшақаты көп жұмысты сәтті аяқтауға ұлы Ерғазы көмектескен. Салмағы 2,5 тонналық тасты алдымен шеберханасына, кейін Абай қонақ болып түскен тарихи ғимарат маңына жеткізу оңайға соқпапты. 

Манарбек Кәрім, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

Күнбатыс жақта Қорғантас деген тау бар. Ол енді ертеде қалмақтармен соғыс болған тау. Сол жерде үлкен осындай тастар бар. Трактормен барып үйдің ауласына алып келіп салдық. Әуелі пішінді балам келтірді. Одан кейін құралмен қашап екіжақтап салдық. 

Көк шатырлы бұл көне үй мына суреттегі татар көпесі Халиолла Бекіметовке тиесілі. Әкесі Хамит Қоянды жәрмеңкесіне Қазаннан тауар тасымалдап жүргенінде екі ұлының бірі осы Халиоллаға салғызған. Ал оның төрт әйелі болса, бірі қазақтан және Тобықты руынан болған. Өлкеге атымтай жомарттығымен танымал көпестің үйіне бала Абай әкесі Құнанбайға еріп талай келген. 

Дана Әлиева, Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы:

Тек қана бір-ақ рет келмеген. Әкесі аға сұлтан болып жүргенде үнемі келген. Ал Әуезовтың Абай жолы романында осы үй жақсы суреттеледі. Абай Қарқаралыға нағашы жұртына келгенде татардың көктөбелі үйне түскен деп жазылған. Жастардың Абайды қалай қарсы алғаны, ойын-сауық барлығы жазылады. Сонда Абайдың жастық дәрен кезеңі де осы үймен байланысты. 

Екі ғасыр бұрын шегесіз ағаштан қиюластыра салынған ғимарат байларды кәмпескелеу кезінде өртеніп, маңайындағы нысандарын жалын құшқан. Үйдің жертөлесінде шаруашылық бөлімдері ораласқан. Әр бөлмеде ерекше әсемделген голландық пештері әлі бар. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл үйде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Ж. Ақбаевтар жиі болған. Алашордашылармен араласқаны үшін үй иесінің ұрпақтары да кейін қудаланған. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік қорғауға өткен соң ғимаратта түрлі мекеме ұжымдары отырды. Ал қазір аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасқан. 

Дәл осы оң қанаттағы сыйлы қонақтар бөлмесінде Құнанбай қажы мен баласы Абай мейман болған. Қазір мұнда жаны өлең-жырға жақын жастар жиі жиналады. Жыл сайын тарихи ғимаратты көруге келетін туристер де өте көп екен. Сондықтан ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ғимараттағы үлкен залды Құнанбай қажы мұражайы ету жоспарланған.  

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу