Биыл Қазақстанда түсірілген 43 телесериал көрермендерге жол тартады. Бұл туралы Astana Media Week-ке қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Киноөнімдерді түсіру көрсеткіші 2016 жылдан бері 3 есеге өскен. Медиа апталыққа 50-ден астам продакшн компания, ақпарат саласында жүрген танымал тұлғалар шет елдерден келген қонақтар қатысып жатыр.
Білікті мамандар ақпарат жинау және тарату, көрермендердің сұранысын қанағаттандыру, режиссерлік көзқарас секілді түрлі бағытта тәжірибелерімен бөлісіп, семинар-тренингтер өткізді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Astana Media Week диалог алаңындағы негізгі мақсаттардың бірі сіздер бір бірлеріңізді танып, біліп, пікір алысса деген ниет. Осылайша, еліміздің медиа саласын әр тараптан емес, ортақ мүдде аясында дамытқан деген тілек. Бұл ауқымды шараның көздеген тағы бір мақсаты — ел тұрғындарының медия сауаттылығын арттыру.
Шет елдерден келген мамандар Қазақстандағы телевизиялық нарықты зерттеп, медиа саласын дамыту үшін қай бағытта жұмыс істеу керектігі туралы ұсыныстарын да білдірді.
У Цзянь, кинопродюсер:
Мен кинофильмдер түсіремін. Бір картинамды бұған дейін Қазақстанда көрсеткен болатын. Сіздердің елмен тығыз байланыс орнатып, болашақта бірлескен жобаларды қолға алғым келеді.
Шараның алғашқы күні телесериалдар мен киноөнімдердің бүгіні мен ертеңіне, саладағы шешімін таппаған мәселелерге арналды. Әсіресе отандық өнімдерді шет елдерге сату, нарықты кеңейту жайы көтерілді. Әзірге өз өнімін шекара асырып жатқан ең ірі компания Қазақстан республикалық телерадио корпорациясы.
Ләззат Танысбай, «Qazaqstan» РТРК АҚ төрағасы:
Соңғы 5 жылда біз 10 елге 38 сериалымызды саттық. 10 жыл бұрын сериал түсіру үшін 1 компанияны әрең көндірген едік. Ал қазір ше? Осы салада жүрген ірі компаниялар өте көп. Фильмдердің сапасы да жақсы. Қазір алғаш рет детектив жанрындағы сериал түсіруді де қолға алдық.
Астана медиа апталығы 3 күнге жалғасады. Жоспар бойынша ертеңнен бастап, медиа саласындағы өзекті тақырыптар, жобаларды қаржылай қолдау, салық салу сияқты мәселелер көтеріледі.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ