Еліміздің ұн өңдеушілері бидай бағасының шамадан тыс қымбаттап кеткенін айтып шағымдануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің ұн өңдеушілері бидай бағасының шамадан тыс қымбаттап кеткенін айтып шағымдануда

10.09.2019

Еліміздің астық өңдеушілер қауымдастығы бидай бағасының шамадан тыс қымбаттап кеткенін айтып дабыл қағуда. Соның салдарынан ұнның да бағасы жылдағыға қарағанда шарықтаған. Себебі биыл алқаптардан жиналатын астық жылдағыдан аз. Мәселен, Қарағанды облысында 24 диірмен болса, қазір оның барлығы да бидайдың жоқтығынан қаңтарулы тұр. Астықтың жетіспеушілігі мен бағаның тұрақсыздығын шешу үшін осы саладағы шикізат экспорттау жұмыстарын реттеу керек. Сондай-ақ кәсіпкерлер сыртқы нарықта өздерінің барынша қорғалғанын қалайды. Астық өңдеушілер қауымдастығының мүшелері осы мәселені де көтеріп, Үкіметке хат дайындауда.    

Руслан Нұрланұлы, тілші:

 Астықтың қымбаттауына байланысты қарағандылық диірменшілер ұнның да құнын көтеруге мәжбүр. Мәселен, былтыр бір қап жоғары сұрыпты ұн 4 мың теңге болса, қазір 5 мың теңгенің сыртына шығып кеткен. «Бұған себеп — астықтың тапшылығы мен ауа-райының қолайсыздығына байланысты»,- дейді кәсіпкерлер.

Жаз жауынсыз болғандықтан астық бітік шықпады. Ал жиын-терін науқаны басталар кезде күн райы керісінше құбылып, алқаптарда жұмыс тоқтап қалды. Соның салдарынан диірмендерге астық түспей қаңтарулы тұр. Еліміздегі үздік ондыққа кіретін мына диірмен де қазір тым-тырыс. Биылғы бидайдың құнары жақсы болғанымен жылдағыдан көлемі аз. Сәйкесінше баға қымбат.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ұн комбинатының директоры:

Былтыр осы уақыттарда бидайдың 1 тоннасы 43 мың теңгеден. Биыл енді 64 мың теңгеден басталды да, қазір 70 мың теңге мынау Қостанай жақта 75 мың теңгеге дейін қымбаттап кеткен жағдайы бар. Сол себептен біз диірменшілер амалымыздың жоқтығынан ұнның бағасын да қазір көтеріп жатырмыз. Әрине бұл ұн дегеніміз әлеуметтік өнім. Халық үшін өте ауыр болады.

Бұған қоса еліміздегі астықтың басым дені шетелге шикізат ретінде экспортталады. Диірмендердің бидайсыз қалуының және баға қымбатшылығының ең негізгі себептерінің бірі осы. Керісінше, ұнды экспортқа шығарсақ ұтамыз. Мәселен, бидайдың тоннасы 180-190 доллардан экспортталса, ұнның тоннасы шетелге 300 доллардан саудаланады. Осыны айтып қауымдастық мүшелері үкіметтік органдарға хат дайындаған.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ұн комбинатының директоры:

Хат мынадай тұрғыда. Қазақстаннан шикізат ретінде бидайды экспорттауды шектеу. Болмаса тоқтату. Болмаса оған «экспорттық салым» дейді, соны қойып шетелге кеткенін кішкене азайтуымыз керек. Өйткені өзіміз бидайсыз қалып қою қауіпі төніп тұр.

Қазақстандық ұнға өзге елдерден сұраныс зор. Бірақ көбіне өңделген дайын өнімді емес, шикізаттық, яғни арзан астық күйінде қол жеткізгенді хош көреді.

Ақбар Мәуленов, АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

Ұнды сатып алудың орнына бидай алып жатыр, оған сатып алуға жеңілдіктер жасап. Ұнды өткізуге шектеулер қойып. Сондай-ақ Өзбекстан аумағы арқылы біздің бидай өзге елдерге экспорттар кеткенде оған да шектеулер қойып, бірқатар шаралар жасап жатыр. Бұл мәселе Үкіметте де қаралды. Шикізаттық емес өнімді сыртқа шығару бойынша жол картасы дайындалды. Онда ұнға да байланысты мәселелер бар.

Кей кәсіпкерлер кәсібін Өзбекстанға көшірген. Себебі онда электр энергиясы, көгілдір отын бағасы төмен. Өнімнің өзіндік құны арзанға түседі. «Алайда кәсіпкерлердің ол жаққа жаппай ойысу мәселесі туындап отырған жоқ»,-дейді министрлік өкілдері.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу