ШҚО-да Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды

02.09.2019

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында Абай Құнанбайұлына ескерткіш қойылды. 6 мыңнан астам халқы бар елді мекеннің орталық алаңына ұлы ақынның аты берілді. Осы жерде үлкен субұрқақ іске қосылды. Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген салтанатты шара барысында жастар ақынның өлеңдерін оқып, концерт қойды.

Самар ауылында орнатылған ескерткіштің авторы - Әлібек Шоқанов. Еліміздегі танымал мүсінші осыған дейін Абайдың 2 мүсінін жасады. Үшінші туындысының биіктігі - тұғырымен қоса есептегенде 7 метр. 

Әлібек Шоқанов Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, мүсінші:

Әр ескерткіштің өзіндік бір ерекшелігі болады. Бірақ образдан ауытқуға болмайды. Барлық жерде Абай атамыздың ескерткіші, суреті тұрғандықтан, оның түр-бейнесі халыққа өте таныс. Сондықтан оны өзгерту, құбылту деген мүмкін емес.

Ауылдықтар «хәкім Абайдың ескерткіші ұлы ойшылды терең түсінуге сеп болады» деп ой қорытты. Оның ғибратты сөздері негізінде ұлттық білім жүйесін қалыптастырып, елімізде Абай мектептерін ашылса деген ойларымен де бөлісті. 

Омар Жалел, абайтанушы:

Елді сүю, Отанға қызмет ету білімнен емес, мінезден. Сонтықтан Абай мектебінде, ұлттық мектепте бірінші орында мінез тұру керек. Ол білімнен бас тарту емес, керісінше, сол білім бойға сіңген кезде ғана адамның мінезі өзгеріп, ол пайдалы білімге айналады екен.

Бұл күні Самар ауылындағы Мәдениет үйінде Абай оқуларынан облыстық байқау өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған шараларға халық оң бағасын беріп, жан-жақты қолдау білдірді. 

Гүлбану Байханова, Көкпекті ауданының тұрғыны:

Рухани жаңғырудың ең үлкен бастамасы деп айтар едім. Өйткені Самарды барлығы орыс ауылы деп ойлайды. Ал енді Абайдың келуінің өзі бізді жебеп, Абайдың рухы бізге жол көрсетеді.

Енді Абай оқуларын Көкпекті өңірінде дәстүрлі түрде өткізу көзделіп отыр. Жалпы, биыл ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 136 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу