Нұр-Сұлтанда алғаш рет кітап фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда алғаш рет кітап фестивалі өтті

26.08.2019

Нұр-Сұлтанда алғаш рет кітап фестивалі өтті. Оқыған сайын танымы кеңіп, ойы кемелденетін оқырман үшін бұл —  үлкен мереке. Оның өтуіне «Астана жастары» ұйымы қолдау білдірген. Шарада бірі — еңбегін жариялайтын баспамен келіссе, өзгелері іздегенін тауып жатты. Мұнда кітап айырбастап алуға да мүкіндік болды.   

Қуаныш кітапқұмар. Проза, драма және биографиялық жанрларға жаны әуес. Фестиваль өтетінін естісімен өз кітпатарын өткізіп, жаңасын алуға асыққан.

Қуаныш Балғымбаев, қала тұрғыны:

Қанша кітап әкелсең, сонша кітап алады екенсің. Осында 8 кітаптай әкелдім. Өзімнің қызығатын жанрларым бойынша теңдей ауыстырып алғым келеді.

Кітап айырбастау орнына жастар жылдам жиылды. Қоржындары орыс және шет ел әдебиетіне толы. Бұл — олардың қалауы. Авторларды таңдауда географиялық тұрғыдан әр алуандығы қуантады. «Бірақ, сонымен бірге, оқырмандарға отандық жазушыларды да таныту шараның негізгі мақсаты»,-дейді ұйымдастырушылар.

Майра Айжанова, «Kitap Fest» жобасының бас үйлестірушісі:

Өзіміздің қазақстандық баспагерлерді, қазақстандық кітап дүкендерін таныту және жазушыларға оқырмандармен кездесу мүмкіндігін беру.

Бұл «Кітап Фесттің» 6-шы мәрте өтуі. Бұған дейін Алматы қаласында ұйымдастырылған шарада 130-дан астам оқулық таныстырылған. Қонақтарға 20 мыңның үстінде кітап сыйланыпты. Ал биылғы фестивальде 30-ға жуық баспахана, кітап және интернет дүкендерінің өнімдері сатылымға шықты. Енді осы үрдіс басқа қалаларда да жалғасса игі. Себебі жазушысымен қауышып, туынды жауһарын тапқысы келетіндер өңірлерде де көп.

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

Хабарламаларға жазылу