Ұстаздың айбынын көтеру үшін не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұстаздың айбынын көтеру үшін не істеу керек?

20.10.2018

«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ, бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов көзі тірісінде. Талас жоқ, тек қазіргі қоғамда бұрынғының ұстазы мен бүгінгінің ұстазы деген түсінік бар. Мұғалімнің міндеті өзгерді ме, әлде басқа да жайтты көз көрді ме беймәлім. Әйтеуір, ата-аналар қит етсе болды «бұрын біз оқығанда мұғалімдердің білім-білігі қандай еді, парасаттылығы алыстан-ақ аңғарылып тұратын» деп тоқтаусыз толғата жөнеледі. Ұстаздарды тыңдасаң, «әлеуметтік жағдайымыз әл үстінде, жалақы түскенше хәл үстінде жүреміз» деп жыларман болады. Мұғалімді түсінуге болады, кеудесінде көлкіп тұрған көп мәселені төгіп, басшыларды сөгіп айта алмайды. Таусылмайтын тапсырмадан мезі болдық деп тілшілерді жинап, артынша айтсақ арты айқай болып кете ме деп іштен тынған талай ұстазды көрдік.

Адамзаттың айнасына айналуы тиіс ұстаздың еңбекақысы ел күлетін әзіл қазір. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деп жазып қалдырған уағында тұтас бір ұлт педагогикасының негізін қалаған Константин Ушинский. Ұлылар ұстазды ұлы іс атқарушылар деп бағаласа, біз оларды жазғыруға, шалт басса, арызданып аздыруға дайын тұрамыз. Жалақысын естісең, жаның ашиды бірақ, Швейцариядағы мұғалімдер 33 000 доллар айлық алады деген ақпарат жүр желіде, бұл санды қазір теңгеге шағып жыларман болып отырған ұстаздардың жүрегін ауыртпай-ақ қояйын. Мұғалімдердің қағазға қадалып бас көтермей жаза беретіні туралы ашынып айтқан, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының иегері Нұртөре Жүсіп «Бізде жазу жағына келгенде Лев Толстойдың өзін он орап кететін мұғалімдер бар» деп еді. Сенеміз, өйткені біріміздің анамыз, біріміздің әкеміз ұстаз.

Альберт Эйнштейннің «Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін,  тек қана олардың оқуы үшін жағдай жасатамын» дегені ойыма оралып тұр. Бірақ, өзін жарылқай алмай жүрген адам өзгеге қалай жағдай жасайды деп таңырқаймыз біз. Мұғалімдердің бас ауруына айналған басты мәселені Түркияға барып, тәжірибеден өтіп келген ақын Мейірбек Сұлтанхан айтыста мадиықтап былай айтып еді:    

Ол жақтың ғалымдары, 900 мың айлық алады,

Біз жақтың теңгесімен шақсаңыздар.

Ал, бізде білім десе бұл күндері,

Бітпейтін үтір менен жақшамыз бар.

Профессорлар 90 мың айлық алады,

Бұдан енді абырой тоспаңыздар.

Ғалымдардың айлығы мұндай болса,

Мұғалімдер жайлы жақ ашпаңыздар.

Үкіметке айтатын үндеуім сол,

Жалтарып жауап таппай қашпаңыздар.

Депутаттың айлығын көбейткенше,

Ұстаздарға қосыңдар қоссаңыздар.

Айбынын мұғалімнің көтеруді,

Айлығын көтеруден бастаңыздар.

Ұстаздың айбынын көтеру үшін тағы не істеу керек? Кінәлі кім, кінәрат неден екенін Еркін Съезұлы айтады.

 

 

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу