Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан «Men Qazaqpyn» мега жобасының екінші маусымының үшінші шығарылымында жеті өнерпаз бақ сынады.
«Күй» аталымы бойынша Қостанай облысынан Ерлан Шәкіров, Жамбыл облысынан Дулат Байзілдаев және Шығыс Қазақстан облысынан Дастан Тоқтаров сахнаға шықты.
«Дәстүрлі әнде» маңғыстаулық Алпысбек Оңайбайұлы мен қызылордалық Мұхамедәлі Бекпейіс өзара сынға түсті.
Ал, «Терме» жанрының шашбауын көтеріп Алматы қаласынан Айгерім Әпенова мен Батыс Қазақстан облысынан Тілек Базаров келді.
Жеті жүйріктің арасынан сахнаға алғаш болып Ерлан Шәкіров шықты. Ол Құрманғазының «Қайран шешем» күйін орындады. Ал, оған алғаш болып Айгүл Үлкенбаева пікір білдірді:
«Көңілім толмады. Себебі, сол қолды жеткілікті басқан жоқсың. Көп жерде тайыз ноталар болды. Анасына арналған қайсарлық, жігерді күйді орындауыңнан көрмедім»,-деді.
Екінші болып сахна төріне Мұхиттың «Қара қаншық» дәстүрлі әнімен маңғыстаулық Алпысбек Оңайбайұлы көтерілді. Әншінің өнеріне қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков: «Алпысбек бұл әнді өте жақсы айтты. Маған қатты ұнады», деп баға берді.
Алматының намысын қорғап келген Әйгерім Әпенова Кердерінің «Қазағым» термесін орындады. Термешінің өнеріне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова «Айгерім, өте жақсы өнерпаз. Бүгінгі шығармасын жақсы таңдаған және де оны тамаша орындап шықты. Халыққа сөзді жеткізе білді. Менің көңіліме қонды», деп баға берді.
Ал, жобаға Жамбыл облысының үмітін арқалап келген Дулат Байзілдаев Ә.Желдібаевтің «Шайқас» күйін шертті. Күйшінің өнерін ұнатқан Айгүл Үлкенбаева: «Маған жалпы ұнады. Күйшіге тән дыбыстың бояуы жақсы екен. Дыбысты тиянақты алады» деген пікір білдірді.
Келесі болып дәстүрлі әнін арқалап келген қызылордалық Мұхамедәлі Бекпейіс бүгінгі сында Н.Бекежановтың «Кел, шырқайық» әнін шырқады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев бұл жігіттің ән айту мәнері өзіне ұнағанын жеткізді.
Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын Тілек Базаров «Men Qazaqpyn» жобасына Наурызбек жыраудың «Әуезді сөзді сөйлейін» термесін алып келді. Тілектің өнеріне қатысты пікір айтқан Хатимолла Бердіғалиев:
«Кейде бап шаппай қалатын жерлер болады. Тілектің дауысы да мұндай емес еді, бүгін таңқалып отырмын. Бүгін дауысын шарықтатын жерлерді көрсете алмады. Ал, термені жеткізуі жақсы», деді ол.
Жобаның үшінші шығарылымын ШҚО-лық Дастан Тоқтаров Байжігіттің «Бөкен жарғақ» күйімен аяқтады. Күйшінің өнеріне қатысты ой білдірген Айгүл Үлкенбаева «Дастанның орындауында сәл тазалық жетіспеді. Дегенмен, Дастанның болашағы бар деп ойлаймын Өзінің шамасы жеткенше тырысып ойнап шықты», деді.
Еске сала кетейік, «Men Qazaqpyn» мега жобасын әр жексенбі сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.