«Men Qazaqpyn». Екінші айналымның сегіз қатысушысы өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Men Qazaqpyn». Екінші айналымның сегіз қатысушысы өнер көрсетті

11.11.2018

Бүгін «Men Qazaqpyn» мегажобасында екінші айналымның үшінші бағдарламасы өтті. Бұл шығарылымда да сегіз өнерпаз өнер көрсетті.

Айта кетерлігі, бұл кезеңде өнерпаздардың қандай шығарма орындайтындары жеребе арқылы анықталады.

Үшінші бағдарламада сахна төріне алғашқы болып Ақтөбенің намысын қорғап келген термеші Ермек Мұңсызбаев шықты. Оған жеребеде Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса» термесі бұйырды. Ермектің өнеріне Мырзатай Жолдасбеков «Майлықожаны айту үшін оның қанына, жанына сіңу керек. Майлықожаның сөзін айтып, домбырамен тартып жатыр. Бірақ, Майлықожаның рухына жеткен жоқ», деген пікір білдірді.   

Екінші болып Моңғолия елінен келген күйші Игілік Қалиасқарұлы шықты. Күйші жігіт Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйін орындауы керек болған күйші жігіт аталған шығармаға дайын болмай шықты.

Кезегі келген келесі өнерпаз – астаналық әнші Аяулым Қамажан болды. Оған Кенен Әзірбаевтың «Қайран жастық» шығармасы түсті. Елордалық әншіге Хатимолла Бердіғалиев «Ең дұрыс айтқан шумағың төртінші шумақ болды. Қалғандарына өз жаныңнан қостың», деген пікір айтты.

Ал, келесі болып өнер көрсеткен Атыраудан келген термеші - Аружан Ерімова. Жеребе тартқан атыраулық бұрымдыға Сүгірдің «Қоштасуы» бұйырды.

Хатимолла Бердіғалиев: - Жақсы айтып шықтың. Басында қобалжып едің. Кейін өзіңе-өзің келіп, орындап шықтың.

Мырзатай Жолдасбеков: -  Тыңдап отырып, бұл қыз маған құбылыс сияқты көрінді. Мен Аружаннан қазақтың ғажап әншісін көріп отырмын.

«Men Qazaqpyn» жобасының жүргізушілері келесі өнерпазды сахна төріне шақырды. Ол Батыс Қазақстан облысынан келген күйші Жасұлан Зинеденов. Батысқазақстандық домбырашы Әлкейдің «Қоңыр ала» күйін шертті. Жасұланның шеберлігіне Айгүл Үлкенбаева  «Бұл техника көрсететін күй емес. Бұл жерде көңіл бөлетін жайт сол қолда да, оң қолда да салмақ болу керек. Ал, Жасұланның бүгінгі орындауы көңілімнен шықпады. Біріншіден, аспап сай болған жоқ. Сосын өзіңнің де бабың болған жоқ.

Келесі болып Алматы облысының арқалы әншісі Қайратбек Бектұрсын сахнаға шықты. Жетісудан келген өнерпазға жеребеде Жарылғапбердің «Ардақ» әні түсті. Сөз алған қазылар алқасының мүшесі Ұлжан Байбосынова «Қайратбек өте жақсы деңгейде орындап шықты. Бүгінгі орындаушылығынан оның өнерге деген адалдығы, тазалығы, жауапкершілігі және еңбекқорлығы байқалады. Сондықтан, Қайратбек болашақта қазақ өнерін жоғары деңгейде алып жүреді деген сенімдемін», деген бағасын берді.

«Men Qazaqpyn» сахнасына келесі болып Қарағандыдан келген термеші Сағынбай Мәлібеков шықты. Оған жеребеде Тұрмағамбеттің «Тәлім» шығармасы түсті.  Сағынбайдың әншілік өнеріне қазылар алқасының мүшесі Хатимолла Бердіғалиев «Сағынбайдың бүгінгі орындауы маған ұнады. Оны Қарағандыдан емес, Қызылордадан ба деп қалдым. Мектепке мектептің жаттығы жоқ екенін тағы бір рет дәлелдеп шықтың», деген баға берді.  

Бүгінгі бағдарламаны аяқтаған өнерпаз – күйші. Ол Түркістан облысының намысын қорғауға келген Шыңғыс Исаев. Ол Динаның «Бұлбұл» күйін орындады.   

Айгүл Үлкенбаева шығарманың басында Шыңғыстың толқып, дыбыстан мүлт кеткен жерлері болғанын айтты. Сонымен қатар, үлкен қателігі ретінде «ре» нотасының орнына үнемі «до»-ны алып отырғанын ескертіп, мұндай қате жіберу кешірімсіз деп ойлайтынын жеткізді.  

Еске сала кетейік, «Men Qazaqpyn» мегажобасын әр жексенбі сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу